Көз алдыңыздағы сарғылт түсті жемісті таныған боларсыз? Иә, дұрыс айтасыз, барқыт тәрізді көйлегі бар «өрік» атты нәзік және шырынды жемісті сүйіп жемейтін адамдар кемде-кем. Оның қабығын сырып алып, аузыңызға салып, жүгіріп барып дәнегін шағып жеген кездеріңіз есіңізде ме? Жеуін, жейміз ғой, ал оның пайдасы мен зиянын, шығу тарихын білетіндеріміздің қатары тым аз. Ендеше, бүгін сіздермен өріктің қыры мен сырын зерттейтін боламыз.
Өріктің негізгі отаны – Қытай болып саналады. Мұнда өрік ағаштары осыдан 5 мың жыл бұрын өсірілген, ал Оңтүстік Еуропа елдерінде 2 мың жыл бұрын ғана өсіріле бастады.
Өріктің орыс тіліндегі баламасы «абрикос» сөзі «тез пісетін» деген мағынаны білдіреді. Бір қызығы, ежелгі Римдіктер өрікті «армиян алмасы» деп атайды екен. Зерттеуші мамандардың айтуынша, мұның сыры Батыс елдері өрікті армиян саудагерлерінің арқасында білгендіктерінде екен. Ал, Батыс елдерінің бірқатары Күнгей Кавказды өріктің отаны санайды. Қалай болғанда да, біздің деректер өріктің иесі ретінде Қытайды танығандығымыздың жөн екендігін нұсқайды.
Армиян өріктерінен басқа Ортаазия өріктері де өтімді келеді. Өйткені, бұл өріктердің құрамында қант көп болады да, дәмі тіл үйірердей тәтті келеді және бәліштерді жасауда дәл осы Ортаазиялық өріктер пайдаланылады.
Өріктің «Қызылбет», «Амброзия», «Луиза», «Шалах», «Хосровшам», «Хурмаи», «Бұхара», «Товарищ», «Ансу» деген сорттары белгілі.
Өріктің біз білетін үш түрі бар: дәнегі бары – өрік, ал дәнегі жоғы – кайса, ал кептірілгені – курага деп аталады.
Өріктің құрамында С, В1, Р, РР дәрумендері, каротин, флавоноидтар, қант, органикалық қышқылдар, май, пектин, инулин, крахмал, минералды заттар, ферменттер және көптеген пайдалы микроэлементтер бар.
Қытай халық медицинасында өрік дәндерін жөтелді басатын дәрі ретінде аздаған мөлшерде пайдаланып, өрік дәндерінен теріні жұмсартатын кремдер мен майлар жасайды.
Кептірілген өріктің құрамында калий мен қант көп болады. Өріктің жүрек, бүйрек ауырғанда, анемияға, жүйке ауруларына пайдасы бар. Кептірілген өрікті несеп айдау үшін қолданады. Өріктен тосап, шырын, мармелад жасайды, десерт ретінде қолданады.
Мамандардың айтуы бойынша, өрік мидың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және бауырдың жөнделуі үшін өте пайдалы. Сонымен қатар тістердің беріктігін арттырып, рактың, бүйрекке тас жиналудың алдын алады. Жүректі қуаттандырып, күйзелісті азайтады.
Құрамында сахароза көп болғандықтан, қант диабетімен ауыратын адамдарға өрік шырынын ішуге, жемісін жеуге тыйым салынады.
Суреттер: fitfan.ru,greenrussia.ru,sad-ogorod.moy.su,stroiniashka.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева