Инстаграм желісінде 3,7 миллион оқырманы бар түрік аспазы Нусрет Гёкче әлемге танылды. Жалпақ жұрттың назарына іліккен әрекет – түрік аспазының өзіне ғана тән ет турап, тұз себу әдісі. Ет турауға өнер ретінде қарап, оң қолымен эффект беріп тұз себетін жігіт – нағыз әртіс секілді.
Нусрет 1983 жылы Түркияның солтүстік-шығысындағы Эрзурум қаласында дүниеге келген. Көпбалалы, кедей отбасында туған Нусреттің әкесі қарапайым шахтер болған. Ата-анасы оқуының ақысын төлеп бере алмағандықтан, орта мектепті де аяқтамай, оқудан шығып қалған түрік жігіті бүгінде табысты бизнесменге айналды. Жұлдызын инстаграм желісі жаққан жігіт жетістікке жету жолында күніне 18 сағат тынымсыз еңбек еткен. Аргентинада бірнеше жыл жұмыс істеп, ет пісірудің құпиясына қаныққан.
Аты-жөні брендке айналған Нуср Ет бүгінде Түркияның бірнеше қаласынан, Абу-Даби мен Дубайдан өзінің стейк-хаусын ашқан. Ол – аспаздық саласында әлемге танылған тұлға, ықпалды тұлғалар мойындаған кәсіби маман иесі. Оның мейрамханасына Леонардо Ди Каприо, Антонио Бандерас, Флойд Мейвезер сияқты көптеген жұлдыз келіп қонақ болады. Ал Рианна мен Бен Аффлек Гёкченің авторлық қимылы бейнеленген жейде киіп шықты.
Абу-Дабиде мынадай стрит-арт салынды.
Америкалық телеарналар түрік жігітінің танымалдығына қайран қалып, ол туралы сюжет көрсетті. Оның тамаққа деген ерекше көзқарасы, аспаздық саласына деген айрықша махаббаты оған атақ пен дәулет әкелді. Ол ет пісіру тәсілін шебер меңгерген. Сондай-ақ тартымды сыртқы келбеті де Нусретті аспаздар арасынан ерекшелеп тұр.
Инстаграм желісінде Нусретке таңырқаған жандар #SaltBae хэштегімен аспазға арнап жылы лебіз білдіруде. Жұмысқа ыстық ықыласпен кірісу кез келген адамды жетістікке жетелейтінін дәлелдеген түрік жігіті көпке үлгі болып жүр.