Енді Семейде айына 10-15 тонна құрт шығаратын өндіріс іске қосылатын болады. Дәмі тіл үйіретін аталған жеңсік ас заманауи техникалық талаптарға сай шығарылады. Бұл туралы «Дастарқан LTD» ЖШС өндірістік лабораториясының меңгерушісі Гүлжан Көксаева хабарлады.
Гүлжан Көксаеваның сөзіне сенсек, компания құрты пастерленген сүттен, табиғи консервант - тұз қосып жасайды. Зауытқа әкелінетін шикізаттың бүкіл сапалық көрсеткіштері алдымен тексеріледі екен. Содан соң барып қана дайын өнім вакуум орауышта шығарылады. Ал ол өз кезегінде өнімді алты ай сақтауға мүмкіндік береді.
«Дастарқан LTD» компаниясы болашақта құрттың бірнеше түрін шығармақ, оның ішінде «классикалық», «сүрленген» және бұрыш пен жалбыз қосқан түрлері бар.
"Қазіргі таңда ұлт тағамы құртқа Қазақстанның басқа қалалары да қызығушылық танытып отыр. Болашақта шетелге де құрт шығару ойымызда бар",- дейді «Дастарқан LTD» ЖШС өндірістік лабораториясының меңгерушісі Гүлжан Көксаева.
Сурет:aspazdik.wordpress.com
Дайындаған: Фараби Бақыт