- Негізгі бет
- Аспаздық
- Қайың шырынының пайдасы...
Қайың шырынының пайдасы
Сәуірде қайың шырынын жинау маусымы басталады. Бұл табиғи сусын — пайдалы заттардың көзі. Қайың шырынының жағымды тәтті дәмін ғана емес, оның пайдалы қасиеттерін де бағалайтын кез келді.
Қайың шырыны — саулық пен жастықтың нағыз эликсирі. Оның құрамында иммунитетті жақсартуға ықпал ететін В тобының дәрумендері, калий, магний, кальций, сапониндер, бетулин, эфир майлары, 10-нан аса органикалық қышқылдар және фитонцидтер бар.
Қайың шырыны холестериннің сіңуін тежейді, сәйкесінше, қанның тазаруына ықпал етеді. Оның себебі — оның құрамында сапониннің болуы.
Қайың шырынын салмақ тастағысы келетіндерге ішу пайдалы. Артық салмақтың жиі кездесетін себебі — ағзада артық сұйықтықтың жиналуы. Ал бұл шырын несеп айдағыш әсерге ие. Оның құрамында көп калий бар. Бұл зат ағзадан артық сұйықтықты шығаруға көмектеседі. Оған қоса, ағзадағы су-тұзды және Ph тепе-теңдік бұзылмайды, себебі шырында минералды заттар көп. Осы әсердің арқасында артериялық қысым да төмендейді.
Қайың шырыны асқазанның қышқыл түзуші қызметін ынаталандырады. Сондай-ақ, оның құрамында ферменттер бар. Шырынның бұл қасиеттері оны асқазанын ретке келтіргісі келетіндер үшін керемет сусын етеді. Қайың шырынының калориясы көп емес: 100 грамға 25 калория.
Қайың шырынын кімдерге ішуге болмайды?
Қайың шырынын қайың гүлінің тозаңына аллергиясы бар адамдарға ішуге болмайды. Бүйректерінде үлкен тастары бар (3 мм-ден үлкен) адамдарға да оны ішу ұсынылмайды. Оның себебі шырынның несеп айдағыш қасиеті тастарды орнынан қозғап, олар несеп шығушы жолда тұрып қалуы мүмкін.
А. Жапатова