- Негізгі бет
- Аспаздық
- Каркаденің пайдасы мен...
Каркаденің пайдасы мен зияны
Каркаде – қызыл күрең түсті сергітетін сусын. Оны Мысырда және басқа да ыстық елдерде барлық аурудан құтқаратын панацея деп санайды, ал бізде бірінші ретте оның жағымды дәмі үшін бағалайды. Каркаде суық және ыстық күйінде әртүрлі қасиетке ие болатындығын бәрі біле бермейді. Ендеше, каркаде шайының пайдасы мен зиянды тұстарын ұсынамыз.
Каркаденің пайдасы
Каркаде – гибискус гүлінен дайындалатын сусын. Каркаденің құрамында көптеген пайдалы микроэлементтер бар. Мысалы, магнийдің арқасында ол жеңіл тыныштандырушы, түйілуді басатын қасиетке ие және зат алмасуды ретке келтіреді. Сонымен қатар, оның құрамындағы кальций мен фосфор сүйектерді, тісті және шашты қатайтуға және темір қаназдықты болдырмауға көмектеседі.
Бұл сусынды ыстық күні қатты терлейтіндерге немесе тамақтан уланғандарға ішу ұсынылады, себебі ол калий мөлшерін қалпына келтіруге көмектеседі. Каркаденің құрамында А, С, РР және В тобының дәрумендері көп: ол қан тамырлар қабырғасын қатайтуға ықпал етеді, авитаминоздан құтылуға көмектеседі, жүйке жүйесін реттейді, күзелістен қорғайды және көңіл күйді көтереді.
Оның құрамындағы барлық микроэлементтер, дәрумендер мен қышқылдар жинағы миға жақсы әсер етеді, сондықтан бұл сусынды емтиханға дайындалғанда ішуге болады.
Каркаде қысымды ретке келтіріп, ағзаның жалпы жағдайын жақсартады. Алайда одан дайындалған ыстық сусын қысымды көтереді, суық сусын қысымды төмендететінін ескеріңіз. Тек сау адамдарға ол бейтарап әсер береді.
Каркеденің зияны
Каркаденің пайдасы оның зиянды тұсынан басымдырақ. Алайда, оның да кез келген өнім секілді қарсы көрсетілімі бар. Каркадені жоғары қышқылдығы, гастрит немесе жараның ұлғайған түрі бар адамдарға абайлап ішу керек.
Оны несеп-тас немесе өт-тас ауруы кезінде қолдануға болмайды, себебі ол несеп айдағыш құрал болып табылатындықтан бүйректегі және өт қабындағы ауыртатын тастарды қозғап жіберуі мүмкін.
Сонымен қатар, каркаде кей адамдарға аллергия беруі мүмкін. Каркадені кішкентай балаларға, соның ішінде диатезбен қиналатын балаларға бермеңіз. Жүкті және емізетін әйелдерге қауіп деңгейі орнатылмаған, сондықтан дәрігерден кеңес алған жөн.
Каркадені қалай дайындау керек?
Каркадені әйнек немесе балшықтан жасалған (керамикалық, фарфор және фаянс) ыдыста дайындау керек. Себебі сусын металмен жанасқанда тұнбаның пайдалы қасиеттерін бұзатын заттар бөледі.
1,5-2 шай қасық шикізатқа немесе 3-4 бүтін "гүлге" 300 мл қайнаған су құйып, 5-6 минутқа қалдырады. Оны ыстық күйінде де, суық күйінде де ішуге болады.
Каркадені жемістермен араластырып, шөлді қандыратын сусын дайындауға болады. 2 литр сұйықтық үшін 5-6 қасық каркаде шайы, 2-3 лимон бөлігі, жалбыз жапырақтары, пышақтың ұшымен ұнтақталған даршын, және дәміне қарай қант керек. Каркадеге қайнаған су құйып, 10-15 минутқа қалдырыңыз. Содан соң жалбыз, лимон және даршынды салыңыз. Тағы да 10 минут күтіп, қант салыңыз. Сусынды суытыңыз және мұзбен ұсыныңыз.
Қазір каркаде кең таралып, көпшілік оны ыстық елдерден кәдесый ретінде әкеліп жатады. Ол қысқы да, жазғы да мәзірге келе береді.
А. Жапатова