- Негізгі бет
- Аспаздық
- Кардамонның пайдасы...
Кардамонның пайдасы
Кардамон — Үндістан мен Цейлоннан шыққан Зімбір тұқымдастығының шөптесін өсімдігі. Ол — ең қымбат дәмдеуштердің бірі, сондықтан кардамон жемістерін «дәмдеуіштер патшасы» деп те атайды. Кардамонның пайдасы қандай және оны қалай қолдануға болады?
Кардамон жемістері — дәнектері бар қорапшалар. Оларды жинап, күннің астында кептіреді, сулайды, содан соң қайтадан кептіреді. Аспаздықта, парфюмерияда немесе медицинада ұнтақталған кардамон дәндерін қолданады. Олар хош иісін жылдам жоғалтатындықтан, оларды қорапшаларымен сатып алып, қолданар алдында ғана ұнтақтау ұсынылады. Кардамонның күшті камфоралы иісі мен қанық дәмі бар, сондықтан оны өте аз мөлшерде қосады. Оны даршынмен үйлестіруге болады.
Кардамон дәнектерінде 3–8% эфир майы бар, сондықтан оны парфюмерияда кеңінен пайдаланады. Сондай-ақ, бұл дәмдеуіште көптеген қоректік заттар бар: фосфор, магний, мырыш (ол басқа дәмдеуіштерге қарағанда кардамонда көп), темір, кальций, В1, В2, В3 дәрумендері.
Кардамон дәнектерін ертеде медицинада қолданған. Шығыл елдерінде және Үндістанда оны сергітуші құрал ретінде шайға немесе кофеге қосады.
Ағзаға кардамонның пайдасы қандай?
Холестерин деңгейін жақсарта алады
2014 жылы The Review of Diabetic Studies журналында жарияланған зерттеуде екінші типті диабеті бар адамдарға екі ай бойы кардамон қосылған шай берілген тәжірибе жайлы айтылған. Нәтижесінде, оларда «жаман» холестерин деңгейінің төмендегені байқалған. Бұл өте маңызды бақылау, себебі холестериннің жоғары деңгейі жүрек-қан тамырлар ауруларының жоғары қаупімен байланысты.
Қан қысымын түсіруге көмектеседі
Басқа тәжірибеде қан қысымы жоғары адамдарға 12 апта бойы күніне 3 г кардамон ұнтағын берген. Зерттеу соңында зерттеуге қатысушылардың қан қысымы қалыптыға түскен. Тәжірибе нәтижелері Indian Journal of Biochemistry and Biophysics журналына шықты. Зерттеушілердің ойынша, қысымды түсіруге кардамон құрамындағы антиоксиданттардың жоғары деңгейі әсер етті.
Ауыздан шығатын жағымсыз иісті кетіреді
Үнді мәдениетінде тамақтан соң ауыздағы жағымсыз иістен арылу үшін кардамон қабығын шайнау дәстүрі бар. Дәмдеуіш оны өзінің күшті хош иісімен басып кетіп қана қоймайды: кардамон антисептикалық әсерге ие. Ол ауыз қуысындағы залалды бактериялармен тиімді күреседі және тісжегінің алдын алуға көмектеседі.
Жөтелді емдейді
Кардамон иммунитетті қатайтады. Шығыс медицинасында бұл дәмдеуіш ағзадан шырышты шығарады деп саналады. Сондықтан кардамонды демікпе, бронхит және тұмау кезіндегі қарапайым жөтелді емдеуге пайдалануға ұсынылады.
Асқорытуды жақсартады
Кардамон іш кебуінен және басқа да ішектер ауруларынан арылуға көмектеседі. Бұл дәмдеуіш асқорытуға жағымды әсер етеді. Кардамонның емдік әсерін сезу үшін оны рационға жүйелі түрде қолдану керек.
Кардамонды қайда қосуға болады?
Сусындар
Шығыста кардамоннан кофе дайындайды. Бұл дәмдеуіштің дәнектерін кофе дәндерімен бірге ұнтақтайды, содан соң дәстүрлі әдіспен қайнатады. Мұндай сусын ерекше сергітуші әрі жылытушы әсер береді.
Кардамонды шайға қосады, ол сусынға татымды дәм сыйлайды.
Сондай-ақ, кардамонды жылы сүтке қосуға болады. Сүтті қайнатпай, тек қыздырыңыз. Оған ұнтақталған кардамон, бал және бадам қосыңыз. Мұдай сусынды ұйықтар алдында ішсеңіз, ол босаңсуға көмектеседі.
Пісірмелер мен тәттілер
Кардамон кез келген пісірмеге ерекше хош иіс сыйлайды. Швецияда бұл дәмдеуіштен дәстүрлі тоқаштар дайындайды. Ұнтақталған кардамонды торттардан бастап балмұздаққа дейін түрлі кондитерлік бұйымдарға қолданады.
Кардамон көптеген шығыс тәттілерінде де бар: халуа, пахлава, кәмпиттер.
Етті және көкөністі тағамдар
Азиялық асүйде кардамонды етті және басқа да ыстық тағамдарға қолданады. Оны қуырылған картоп пен сорпаға қосады. Оны Үндістанда жиі қолданады. Ол жақта оны кез келген тамаққа қосады: көкөністер, күріш, карри, маринадтар, жеміс салаты және т.б.
Кардамон эфир майын массажға және ароматерапияға қолдануға болады.
А. Жапатова