Қарақұмық жармасы – аса пайдалы тағам. Оның құрамы ақуыздарға өте бай болып келгендігімен, салмақтың артуына ықпал ететін көмірсутектер аз.
Әдетте, диета сақтауды әдетке айналдырған нәзік жандыларымыз түрлі жармалардан бас тартып жатады. Бұл дұрыс емес, өйткені артық салмақты азайтатын жарманың да жармасы болады. Соның бірі – бүгін тақырыпқа арқау болып отырған қарақұмық жармасы.
Қарақұмық бауыр мен ішекке өте пайдалы және холестериннің деңгейін азайтады. Жарма күйзеліске, құрсақ қуысының сырқаттарына қарсы тұруға көмектеседі. Оған қоса, қарақұмық асқазанға тез сіңіп кете қоймайтындықтан, ұзақ уақыт бойы қарын аштырмайды.
Диета кезінде, салмақты азайтады екен деп бет алды қарақұмық жей беруден де қашыңыз. Қарақұмықтан тез шығып қалуыңыз әбден мүмкін. Олай болмас үшін жеміс-жидектер жеп, майлылығы төмен йогурттардан дәм татып тұрған артық емес.
Кешкі сағат алты – тамақ ішуді тоқтататын мезгіл. Алтыда «аузыңызды бекітіп» қойған соң, асқазаныңыз тамақ сұрап қоймаса, онша майлы емес бір стақан айран ішуге болады.
Ең бастысын ұмытып барамыз, ол – қарақұмық ем-дәмін дайындау. Ол үшін кешке қарай бір стақан қарақұмыққа екі стақан қатты қайнаған суды құяды да, жақсылап қымтап жауып, түнге қалдырады. Тұз, не болмаса басқа да аз мәзірлерін қосудың қажеті жоқ. Майлылығы аз айран немесе соя тұздығын қоссаңыз болады.
Қарақұмық диетасын сақтаудың ұзақтығы - екі апта. Содан соң міндетті түрде бір ай үзіліс жасау қажет.
Суреттер:maryaiskusnica.ru,vkusnoe.info,pelagea.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева