Қарақат – көздің қамқоршысы

Күнделікті тұрмыста жиі пайдаланылатын көкөністер мен жемістердің пайдасы мен зияны, тарихы мен шығу тегі туралы әңгімелеуді жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – қарақат болмақшы.

Бала кезіңізде жемістері өте ұсақ, дөңгелек келетін жидектерді көріп: "Әке, мынау не нәрсе?" деп сұрағаныңыз есіңізде ме? Сонда әкеңіз: "Балам, бұл "қара қарақат" деп жауап беріп еді ғой. Аң-таң болдыңыз да: "Неге оның түсі қызыл?" -дедіңіз. Естіген жауабыңыз:"Бұл әлі піспегендіктен қызыл болып тұр..."

Көпшілігіміздің қара қарақат туралы ең алғашқы ұғымымыз осылайша қалыптасты. Бүгін танымымызды арттыру мақсатында қарақаттың қасиеттерін толық ашуға тырысып көрелік. Дәстүр бойынша, ең алдымен тарих беттерін парақтайтын боламыз.


Қарақат өсірудің тарихы орта ғасырлардан бастау алады. Бұлай дейтініміз, жидек қалдықтары ХІ ғасырға жататын ескі қалалар мен қоныстардан табылып отыр. Тіпті, Мәскеуде Смородиновка (қарақаттың орысшасы) аталатын өзен болған. Бертін келе, яғни XV — XVII ғасыр саяхатшылары мен ғалымдары өз еңбектерінде қарақатты бірнеше рет атайды. Бұл жидек мәдениетінің қарқынды дами бастаған тұсы десек қате емес. Жазбаларға қарағанда, сол кездегі қарақаттың бүгінгіден айтарлықтай айырмашылығы болмаған. XVII ғасырдың соңына қарай Италия, Франция жерлерінде қарақатқа дәрілік өсімдік ретінде назар аударыла бастады. Батыс Еуропа, әсіресе Англия мемлекеті, АҚШ және Канада елдері де қарақатты  өсіру, игеру жұмыстарына етене кірісті.

Қазіргі таңда әлемнің көптеген дамыған елдерінде қарақат өсіру кәсібі қарқынды түрде жүруде. Көбінесе орманды дала, өзен-көл жағалаулары мен тау беткейлерінде, ылғалды жерлердің көбінде тамыр жайып, жемістене береді. Негізінде қарақат қой қарақат, аю қарақат деп екі түрге бөлінеді. Қолдан өсірілетін қарақат сорттары осы жабайы қарақаттан шығарылған. Біздің елімізде Жалпы сырт қыратында, Ертіс, Есіл, Тобыл өзендерінің бойында, Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Қарқаралы, Жоңғар Алатаулары мен Мұғаджар төңірегінде өседі. Және Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсірілетін 11 түрі бар.  

Қарақаттың құрамында B, P, K, E, A дәрумендері, 7—11% қант (4% органикалық қышқыл), 0,68—1,02% пектиндік зат, фосфор қышқылы, калий тұзы, темір, ал жапырағында марганец, мырыш, магний, күкірт, қорғасын, күміс және бәрімізге аса қажетті С дәрумен бар. Ұрығында 16,5 процентке дейін май болады. 

Медицинада қарақаттан жасалған қоймалжың тұнбамен асқазан-ішек жолдарының ауруларын, асқазан сөлінің кеміп кетуін, альцгеймера және диабет, атеросклероз, тыныс жолдары ауруларын емдейді. Қарақаттың көздің көруін жақсартатын тамаша қасиеті бар. Жемісті немесе шырынын, йогурттарды жиі қорек етуге тырысыңыз.

Суықтан тұмау тиіп, тыныс жолдарының жұмыс қабілеті төмендеп кеткен жағдайда 2 ас қасық қарақат жемісін 300 г қайнап тұрған суға салып, тағы да 10 минут ақырын қайнатады. Жарты сағат бұқтырады. Осыны астан 15-20 минут бұрын, әр жолы 2 ас қасықтан күніне үш мезгілден ішеді. 

Бүйрек ауырып, зәр жүрмей қалған кезде бір ас қасық қарақат жапырағын 300 г қайнап тұрған суға салып, 30 минут бұқтырады. Осыдан ас алдында жарты стақаннан ішеді.

 


Құлақтан ірің аққан кезде 2 ас қасық кептірілген жапырақты 500 г қайнап тұрған суға салып, 30 ми­нут бұқтырады. Осыны жарты  стақаннан төрт мезгіл қабылдайды.

Қарақаттан жасалған қайнатпа — құнды диеталық және емдік тағам. Піскен жидектерін жапырағынан тазалап, суық суға шайып, қағазға не таза матаға жайып кептіреді, шұңғыл ыдысқа салып ағаш қасықпен (темір қасықпен емес) жақсылап езеді немесе арнайы үккішті қолдануға болады. Алынған езбені қантпен мұқият араластырып, дереу таза құрғақ банкіге салады да, бетіне қалыңдығы 1-1,5 см қант сеуіп қояды. Мұндай қайнатпалар жаңа жеміс піскенше дәрумендерді бойында ұзақ сақтап тұра алады.

Есіңізде болсын, ағзаңызды кальциймен қамтамасыз ету үшін 20 дана қарақат жеу жеткілікті. Пайдасы осы екен деп артық мөлшерде жей берудің арты жақсылыққа апарып соқтырмайды.

Суреттер:supercook.ru,www.1000listnik.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева