- Негізгі бет
- Аспаздық
- Қантталған балды қайта...
Қантталған балды қайта қалпына келтіруге бола ма?
Қантталу немесе кристалдану – табиғи бал үшін қалыпты жағдай. Кристаллданған қант балдың түбін жайлай бастайды. Кристаллдану кезінде өнім өзінің шипалы қасиеттерін жоғалтпайды, алайда кейде балдың қатып қалатындығы соншалық, пышақпен кесіп алу қажет болады. Балды сұйық күйіне келтіру қиын емес.
Қантталған балды қалпына келтіру
Қантталған балды қайта сұйық және қою ету үшін оны ысыту қажет. Мұны ыстық бу арқылы жасаған дұрыс. Диаметрі әртүрлі екі тостаған алыңыз, оның үлкеніне су құйып, отқа қойыңыз. Су қайнағанда, үлкен тостағанға су сыртына төгіліп кетпейтіндей етіп ішіне кішісін салыңыз. Кішкентай тостағанның ішіне бал салынған ыдысты қойып, отты азайтыңыз.
Ыстық суда бал ерігенше ұстаңыз. Судың деңгейін бақылаңыз. Бал сұйық болғанда, оттан түсіріп, суытыңыз. Балды ұзақ ысытудың қажеті жоқ: егер бал көп болса, оны бірнеше құтыларға бөліп, бөлек ысытқан жөн.
Балды міндетті түрде отты азайтып ерітіңіз – қатты ысыту балды пайдалы қасиеттерінен айырады. Егер мүмкіндігіңіз болса, балдың температурасын арнайы термометрмен өлшеңіз – ол 45 градустан аспауы керек. Бұдан артық температурада балдың шипалы қасиеттері кетеді.
Қантталудың алдын алуға бола ма?
Балдың қантталуының алдын алу мүмкін емес – әрине, егер ол табиғи болса. Егер күзде алған балыңыз үш-төрт айдан кейін қантталмаса – демек, алған балыңыз жасанды немесе ол ысыту өңдеуінен өткен және көптеген пайдалы қасиеттерінен айрылған.
Балдың қантталу жылдамдығы ауа райы мен мезгілге байланысты: егер ол қапырық жазда жиналған болса, онда тезірек қантталады. Суық ылғалды жазда жиналған бал әдеттегіден баяу қантталады. Мамыр айында жиналған бал да ұзақ сұйықтығын сақтайды.
Балдың түрлі сұрпы әртүрлі жылдамдықта қантталады:
- шіре бал бәрінен баяу қантталады, кейде тіпті кристалданбайды да. Бұл аса сирек кездесетін сұрып, ол ерекше бактерицидтік қасиеттерге ие және жағымсыз дәмі бар. Мұны ысыту арқылы кетіруге болады;
- акациялық мөлдір бал да баяу кристаллданады;
- айқышгүлділер балы тез кристаллданады, кейде тіпті бірнеше күнде;
- беделі балы баяу қантталады, хош иіске ие;
- қарақұмық балы баяу кристаллданады, кейде бір жылда, ал кейде одан да ұзақ.
Сатылымға түсетін көптеген балдар түрлі өсімдіктердің гүлдерінен жиналған және табиғи бал қоспасы болып табылады. Бұлар бірнеше айда қантталады.
Балдың кристаллдану үдерісін баяулату үшін оны қақпағы мұқият жабылатын әйнек, эмаль немесе керамика құтыда жылы жерде сақтаңыз (тоңазытқышта емес).
Сурет: wday.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Бір көліктің бағасына татитын бал
Қыстағы шаш күтімі. Бал маскасы
A. Mustafina