- Негізгі бет
- Аспаздық
- Кәмпиттердің қыры мен...
Кәмпиттердің қыры мен сыры
Бала кезімізде сіздің де, біздің де сүйіп жеген ортақ тағамымыз бар. Әрине, ол – кәмпиттер. Ата-анамыз кәмпит жеуге тыйым салып, сандықтардың түбіне жасырып қойғанда, көзімізден сорамыз ағып жатып, «шіркіііін, есейгенде көп ақша тауып, бай боламын да, кәмпиттің көкесін сатып аламын» деп армандамағанымыз жоқ болар. Ал, қазір ес білдік, есейдік, ал кәмпит туралы армандарымыз жайында қалды. Дегенмен, бала кездегі тәтті құмарлығын қартайғанша әдетке айналдырғандар да бар екен.
Мәселен, Наполеон Бонапарт нағыз тәттіқұмардың өзі болыпты. Әсіресе, шығыстың тәттілеріне есі кетеді екен. Өзіміз сүйіп жейтін «Наполеон» атты тортты ойлап табушылар сол Наполеонның тәттілерді бірінің үстіне бірін қойып, арасына крем жағып жіберіп, аузына бір-ақ салатын әдетін негізге алған деседі. Ал, дәл осындай атақты қолбасшылардың бірі Адольф Гитлер түрлі тәтті тоқаштар мен кәмпиттер тұрса, күллі шаруасын ысырып қойып (Мәскеуді басып алуды да), алдындағысына бас салатын болыпты. Аты шулы тәттісүйер тұлғалардың тізіміне Арнольд Шварценеггерді, Фидель Кастроны да қосып қойсаңыз, қателеспейсіз.
Жас демей, кәрі демей бәрімізді өзінің айналасына үйіріп қойған «құдіретті» кәмпиттер қашан, қалай пайда болғандығын, кімнің ойлап тапқандығын білесіз бе? Бұл сауалға жауап іздеу үшін 2-3 ғасырдың маңайын шарлап, әуреге түсудің қажеті жоқ, өйткені осыдан 3 мың жыл бұрынғы ата-бабаларымыздың өзі тәттіқұмарлардың қатарында болған екен. Ежелгі египеттіктер бал мен инжирді, жаңғақты араластырып жегенді ұнатса керек. Ал ғалымдар тәттінің қалай жасалатындығын Египетте жүргізгенде табылған суреттер мен жазбаларға қарап анықтаған.
Көпті көрген қариялар шығыста әрбір тайпаның кәмпит даярлау құпиясы болғандығын айтады. Ал, араб халқы қантты қайнатып, түрлі пішіндегі кәмпиттер жасауды ойлап тапқан.
1857 жылы Брюссель тұрғыны Джон Нойхауз атты дәріханашы жөтелге қарсы дәрі даярлауға тәжірибе жасап жүріп шоколад кәмпит жасаудың әдісін ойлап табады.
«Конфета» деген сөздің мағынасы латын тілінен аударғанда «әзірлеу» дегенді білдіреді. Соған қарағанды сүйікті тіске басарымызға осы атауды берген Джон болу керек.
Кәмпит туралы болжамдар түс жорушыларымыздың да назарынан тыс қалмапты. Олардың айтуынша:
•Түсіңізде кәмпит жасап жатсаңыз, сіздің еңбегіңіздің арқасында тұрмыс жағдайыңыз жақсарады.
•Егер үгітіліп жатқан кәмпит көрсеңіз, айналаңыздағы адамдардың ыстық ықыласына бөленесіз.
•Қышқыл кәмпит жеп жүрсеңіз, ол – аурудың белгісі.
•Танысыңыз сізге қораптағы кәмпит сыйға тартса, жақсылықтың нышаны.
•Егер ол кәмпитті сіз сыйға тартсаңыз, онда таяуды біреуге іскерлік қарым-қатынас туралы ұсыныс жасайды екенсіз.
Өміріміз кәмпиттердей тәтті болсын!
Суреттер:1001fact.ru,azbukavkusa.ru,foodclub.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева