- Негізгі бет
- Аспаздық
- Жылынғыңыз келсе, асқабақ...
Жылынғыңыз келсе, асқабақ сорпасын дайындаңыз!
Кафеден немесе мейрамханадан асқабақ сорпасының дәмін көрген боларсыз. Оны үйден де дайындау қиын емес. Қазір асқабақтың мерзімі екенін білеміз. Ал мерзімдік көкөністерді уақытында жеу ағзаға пайдалы.
Асқабақ — иммунитетті қатайтатын және сұлулықты сақтауға көмектесетін пайдалы өнім. Себебі оның құрамында В тобының дәрумендері, мырыш, магний және терінің тегіс болуына жауап беретін А дәрумені бар. Ендеше, күздің суық кешінде жылыну үшін бұл пайдалы көкөністен дәмді сорпа дайындауды ұсынамыз.
Асқабақтан сорпаны түрлі әдіспен дайындауға болады. Бірақ оның классикалық түріне тек 5 ингредиент жеткілікті:
- 1 асқабақ;
- 1 пияз;
- сарымсақ;
- тауық сорпасы немесе су;
- сүт немесе кілегей.
Асқабақты қабығынан тазартып, жуып, бірнеше ірі бөлікке бөліңіз. Туралған асқабақты кәстрөлге салып, оған туралған пияз бен сарымсақты салыңыз. Оның үстіне тауық сорпасын құйыңыз. Егер дайын сорпа болмаса, су қоса беруге болады. Сұйықтық асқабақты толықтай жауып тұрмау керек. Әйтпесе, сорпа өте сұйық болып кетеді. Сорпа қайнаған соң, кәстрөлдің қақпағын жауып, астындағы отты бұқтырып қойыңыз. Асқабақ жұмсарса немесе езіле бастаса, кәстрөлді оттан алыңыз. Содан соң асқабақты батпалы блендермен біртекті болғанша езіңіз.
Енді сорпаға дәміне қарай тұз, қара бұрыш және өзіңіз қалаған дәмдеуіштер қосыңыз. Содан соң оған сүт немесе кілегей қосуға болады. Сондай-ақ сүт қоспай, тек сары маймен араластыруға да болады.
Асқабақ сорпасын тәрелкеге құйғанда оның бетіне асқабақ дәндерін салып берген пайдалы. Себебі оның дәндері майлы қышқылдар мен жасұнықтарға бай.
А. Жапатова