Сырты түкті жеміс бұл,
Бас бармақтай бар дәні...
Иә, иә сіз тауып айттыңыз. Бүгін біз сіздермен шабдалы жемісі туралы аз-кем сөз қозғайтын боламыз. Шабдалы сіздің сүйікті жемістеріңіздің бірі болса, жолым болды дей беріңіз.
Шабдалының шығу тарихы күні бүгінге дейін беймәлім және оның төңірегіндегі құпиялар әлі де ақтарылмай келеді.
Ұзақ жылдар бойы, шабдалының отаны – Иран саналған, өйткені «персик» деген атаудың өзі парсы елін нұсқап тұр емес пе?
Ал келесі бір зерттеушілер оның шыққан жерін Қытай деп санайды. Көптеген саяхатшылар жабайы шабдалының тұқымдарын Қытай мен Тибет шекарасынан ұшырастырған.
Еуропалықтарға парсы жерінен келіп жеткен шабдалы алма мен алмұрттан кейінгі үшінші орындағы жеміс саналады. Ал итальяндықтарда ол алмұртты артқа тастап үлгерген.
Армения, Грузия, Әзірбайжан, Орта Азия, Қырым өлкелерінде шабдалының отызға жуық түрі өсіріледі. Олардың басым көпшілігі мамыр-қазан айларының аралығында бүр жарып, гүлдеп, жемісін береді.
Бағзы замандарда шығыс халықтарында шәй демдеу үшін ең жақсы су - шабдалы гүлінің күлтелерінен ағып түскені, өйткені ол көктемгі қардың суы болып есептелген екен. Мұның себебі, шабдалы ағаштарының гүлдері өте әдемі болғандықтан деген алып-қашпа әңгімелер де аз айтылмайды.
Алайда біздің әңгімеміздегі ең маңызды нәрсе оның гүлдері немесе күлтелерінен аққан тамшы емес, оның жемісі. Қайталанбас хош иісі бар, сары, қызғылт сары көйлек киген шабдалы жемісі дәл бір тойға бара жатқандай, тіпті еңлік жағып алған десе де болады. Өсіп тұрған шабдалыны көріп, "табиғаттағы бар сұлулықты бойына жинап алғандай екен" деген ойға қаласыз да, «шіркін-ай, үзіп алып жесем ғой» деген ой құшағына еніп сала бересіз.
Шабдалыға ұқсас мутант, нектарин, брюньон сынды өзге де жемістер баршылық, сондай-ақ, шабдалы кейде үлкен өрікке ұқсап кетеді. Ең үлкен шабдалының салмағы жарты келіге жеткен.
Шабдалының құрамында С, Р, В1, В2 дәрумендері, темір, кальций, натрий, тиамин, фтор, фолацин, ниацин, фосфор, марганец, мыс, мырыш, селен және магний, қант, органикалық қышқылдар, түрлі ферменттер, азотты, пектинді заттар, каротин бар және минералды заттар мен микроэлементтерге өте бай.
Фармацевтика саласында шабдалыны пектиндер мен эфир майын алу үшін қолданады. Шабдалыдан тосап, нәрсу, джем жасайды. Ал біз жемісті жеп болысымен, лақтырып жіберетін сүйектерінен «персико» деп аталатын ликер жасайды екен.
Мамандар шабдалы иісі адамды түрлі күйзелістерден алып шығады дегенді айтады. Шабдалының ас қорытуда және ішек қызметінің жақсаруына пайдасы мол. Құрамында калий көп болғандықтан, аритмия және басқа да жүрек-қан тамырлары ауруларына және анемияға шипасы мол. Адам бойында тері астында ылғалды ұстап тұратындықтан, әжімді жазып, терінің жасаруына және теріні ағартуға шабдалының әсері көп. Сондықтан шабдалыны бар кезінде көбірек жеген дұрыс.
Шабдалыны қалай таңдаймын?
Білесіз бе, таза піскен шабдалылардың пішіні аздап біртүрлі болып келеді екен. Оны таңдау аса қиын да емес, әбден жетілген шабдалының иісі мүңкіп және аздап басып көргенде былқылдап тұрады.
Соналар мен бал аралары шабдалыны өте дұрыс таңдайды. Апа-әжеңіздің бақшасындағы аралар көп қонатын шабдалыны үзіп жесеңіз, өкінбейсіз.
Тіпті, жақсы піспеген шабдалыға кезігіп қалсаңыз, өкіне берудің қажеті де жоқ. Қараңғы және салқын бөлмеге бірнеше күнге қойып қойсаңыз, әбден болады. Қағаз қапшыққа банан екеуін салып қойсаңыз, пісу кезеңі әлдеқайда тез жүреді.
Бейбіт күндерде шабдалы жеп шалқып жүре беріңіздер!
Суреттер:epochtimes.ru,sad-ogorod.moy.su,arzfl.ru,phytology.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева