- Негізгі бет
- Аспаздық
- Жемісті пиццаны қалай...
Жемісті пиццаны қалай дайындаймыз?
Көпшілік пиццаны созылмалы ірімшігі бар тойымды тамақ ретінде біледі және оның десертке еш қатысы жоқ деп ойлайды. Бірақ соңғы кездері тамақтану орындарының ас мәзірінен жемісті пицца немесе тәтті пицца дегенді жиі байқауға болады. Оны үйден қалай дайындауға болады? Оның екі рецептісін ұсынамыз.
Сүзбелі пицца
Қамырға қажетті ингредиенттер:
- 300 г ерітілген кілегей майы;
- 0,5 стақан жаңғақ;
- 100 г қант;;
- 200 мл сүт;
Салындыға қажетті ингредиенттер:
- 200 г сүзбе;
- 2 ас қасық қаймақ;
- 2 ас қасық қант;
- жемістер.
Дайындалу жолы: Жаңғақтарды ұсақтаймыз. Ұнды електен өткізіп, оған жаңғақ пен қантты қосамыз. Құрғақ ингредиенттерді жақсылап араластырып, оған май мен сүтті қосамыз. Қамыр дайындап, оны 30 минутқа тоңазытқышқа саламыз. Формаға май жағып, қамырды жайып саламыз. Қамырды 200 градусқа қыздырылған пеште 15-20 минут пісіреміз. Сүзбе, қант және қаймақты миксермен араластырамыз. Піскен қамырға сүзбе қоспасын жағып, тоңазытқышқа 10-15 минутқа қоя тұрамыз. Содан соң пиццаны жемістермен безендіреміз.
Шоколадты пицца
Қамырға қажетті ингредиенттер:
- 100 мл жылы су;
- 0,5 шай қасық құрғақ ашытқы;
- 1 шай қасық қант;
- 0,5 шай қасық тұз;
- 1 ас қасық өсімдік майы;
- 170-200 г ұн;
Салындыға қажетті ингредиенттер:
- 2 банан;
- 30 г зефир (маршмеллоу);
- 70-100 г шоколадты май (нутелла);
Дайындалу жолы: Жылы суға ашытқы мен қант салып, 2-3 минутқа қалдырамыз. Содан соң тұз бен өсімдік майын саламыз. Ұнды електен өткізіп, оны ашытқыға аз-аздан саламыз. Ұнды көп салмаңыз, қамыр жұмсақ болуы керек. Қамырды 5 минут басамыз. Қамырды аспаздық пакетпен жауып, 30-40 минутқа қалдырамыз. Осы уақыт аралығында қамыр көлемі үлкеюі керек. Пицца пісіретін ыдысты майлап, қамырды саламыз. Қамырды бірден ыдысқа жайған жөн. Енді, салындыны дайындауға кірісеміз. Ол үшін банан мен маршмеллоуды тураймыз. Маршмеллоу пышаққа жабыса бермес үшін оны сулап алып тұру керек. Пешті 220 градусқа дейін қыздырамыз. Қамырға нутелла жағып, үстіне банан қойып шығамыз. Пиццаны 10 минут пісіреміз, содан соң маршмеллоуды салып, оны тағы да 3-4 минутқа пешке саламыз.
А. Жапатова