- Негізгі бет
- Аспаздық
- Жазда қалай тамақтану...
Жазда қалай тамақтану керек?
Жаз маусымы біздің елде ыстық болғандықтан, ағзамызда түрлі мәселелер туындауы мүмкін. Сол себепті тамақтану режіміне аса мән беріп, мәзірді қалыпты ұстағаныңыз жөн. Егер жаз маусымында дұрыс тамақтансаңыз, артық салмақтан тезірек арыласыз.
Ең алдымен, кофе мен қара шай ішуді азайтыңыз. Ыстық күні кофе не шай ішсеңіз, жүрегіңізге ауыр тиюі мүмкін. Оның орнына минералды су мен табиғи шырындар ішу керек. Қара шайдың орнын жалбыз шайы баса алады. Ол дәмді әрі дәруменге бай.
Жазда жеміс-жидекті молынан жеу керек. Жемісті кешке емес, таңертең жеген абзал. Себебі таңда ағза жемістерді тезірек қорытады. Жемістен салат жасап жеп тұрыңыз. Алмұрт, қауын, апельсин, шабдалы, жүзім дәрумендерге бай болғандықтан, тез қорытылады. Әрі тойымды десерт.
Көкөністер туралы да ұмытпағайсыз. Егер күнделікті жеміс пен көкөніс жеп тұрсаңыз, ағзаны барлық дәрумендермен қуаттайсыз.
Жаздың аптабында ағзаны әлсіретпеу үшін фастфуд, майлы ет пен пісірілген тоқаш-наннан бас тартыңыз. Оның орнына жеңіл тамақтануға тырысыңыз.
Күнделікті мәзіріңізге ботқаны енгізіңіз. Сұлы, жарма, күріш ботқалары таңертең ағзаңызды қуаттап, жұмыста, кездесуде, серуенде өзіңізді жеңіл әрі тоқ сезінуге көмектеседі.
В тобының дәрумендері жайлы ұмытпаңыз. Ол үшін дәріханаға барудың қажеті жоқ. Бар болғаны әртүрлі жемістер сатып алып, ас үйіңізде смузи жасауды үйреніңіз.
Ағзадағы су деңгейін пайдалы азықпен де көтеруге болады:
- қиярдың құрамында 96% су бар;
- қызанақ құрамында 93% су бар;
- балдыркөк құрамында 94% су бар;
- қауын құрамында 91% су бар;
- саумалдық құрамында 92% су бар;
- құлпынай құрамында 90% су бар;
- грейпфрут құрамында 88% су бар;
- апельсин құрамында 86% су бар;
- папайя құрамында 89% су бар.
Осы аталған жеміс, көкөністерді мейлінше жиі жеп тұруға тырысыңыз.
Жаз маусымында таңғы ас сағат 6-7-лерде, түскі ас сағат 11-11.30-да, ал кешкі ас сағат 18.00-де болғаны жөн. Ал егер аш қарынға ұйықтай алмасаңыз, сағат 20.00-21.00 аралығында жеңіл тамақтанып алыңыз.
Ф. Абилова