Соңғы жағдайға байланысты әрбір адам иммунитетті нығайтуға ерекше көңіл бөліп жүр. Иммунды жүйені қатайтудың ең қарапайым жолы – тамақтануды реттеу. Себебі азық-түлікте ағзаның қорғаныш қасиетін бекітуге көмектесетін дәрумендер мен микроэлементтер бар. Қазір зімбір мен лимонның бағасы әдеттегіден бірнеше есе қымбаттап кеткені өтірік емес. Алайда иммунитеттің қатаюына және жалпы ағзаға пайдалы басқа да өнімдер бар.
Болгар бұрышы. Құраманда С дәрумені көп көкөністердің бірі. Күніне оның орташа біреуін жегеннің өзі ағзаны С дәруменінің тәуліктік нормасымен 100% қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құрамындағы капсантин, виолаксантин, лютеин, кверцетин және лютеолин антиоксиданттық қасиетке ие.
Асқабақ. Бұл көкөністің басты артықшылығы – құрамындағы дәрумен мен минералдың көп және калориясы аз. Оған қоса, асқабақта бета-каротин көп. Ол А дәруменінің көзі. Бұл дәрумен тыныс алу мүшелерінің шырышты қабығының жағдайын жақсартады. Асқабақ та болгар бұрышы секілді антиоксиданттарға бай. Олар жасушаларды түрлі зақымдардан қорғайды.
Көк шай мен түймедақ шайы. Бұл шайларда эпигаллокатехиннің мөлшері көп. Соның арқасында олар иммунды жүйе жасушаларын зақымдардан қорғайды және ағзадағы қабыну процесін азайтады.
Анар. Анардың құрамында 3 негізгі полифенол бар: танин, кверцетин, антоциан. Олар ағзадағы бос радикалдар шоғырын жүйелі түрде ұстап тұрады және жасуша мембранасын қорғайды.
Ашытылған қырыққабат. Бұл өнім ішектің жергілікті иммунитетін нығайтуға және ас қорыту жүйесін қалпына келтіруге қажет.
D дәруменіне бай өнімдер: нәлім бауыры, теңіз балығы, балық майы. D дәрумені иммунды жүйенің реттелуінде маңызды рөл атқарады: ол микробтарға қарсы ақуыздардың өңделуін арттырады.
Балдыркөк. Оның құрамындағы инулин, пектин және эфир майлары ішектер моторикасын жылдамдатады, ағзаны жұмсақ тазартады және газ түзілуді азайтады.