- Негізгі бет
- Аспаздық
- Газдалған сусындар пайдалы...
Газдалған сусындар пайдалы ма?
Адам ағзасының 60%-ын су құрайды. Бойдағы су тепе-теңдікті сақтау үшін адам күнделікті қажетті мөлшерде су ішіп тұруы керек. Кофе, көк шәй, газдалған салқын сусындар, минералды су т.с.с сусындардың негізін су құрайды. Алайда, судан бөлек сусындардың құрамында басқа да заттар кездеседі. Соның бірі – газ. Газдалған сусындар адам ағзасына әр түрлі әсер береді.
Артық салмақ пен диабет
Әр газдалған сусында қант пен қышқылдар кездеседі. Бұл элементтер асқазанға қатты әсер етеді. Газдалған сусын ішкен адамның тәбеті қашады әрі олар шөлді қандырмайды. Ал тәтті-қышқылды элементтер асқазанға түскен бойда майға айналып, артық салмақтың қосылуы мен қант диабеті ауруының пайда болуына ықпал етеді. Қант диабетімен ауыратын жандар газдалған сусын орнына минералды су пайдаланғаны жөн.
Тіс кариесі
Газдалған сусындар тіс түсінің қараюы мен кариес түсуіне жол береді. Сусын құрамындағы қышқылды элементтер тіс эмалін әлсіретеді. Сондай-ақ, тіс ауруларының тууына әсер етеді.
Сүйектер
Газдалған сусын құрамында лимон (Е330), алма т.б жеміс-жидектердің қышқылы мен ортофосфор қышқылы (Е338) кездеседі. Бұл элементтер сүйектегі кальций мөлшерін азайтады. Сол себептен сүйек әлсіреп, сынғыш келеді.
Асқазан мен ішек құрылысы
Кез келген газдалған сусын құрамында көмірқышқылы газ кездеседі. Ол сусынның ұзақ сақталуына ықпал етеді. Мұндай сусындар асқазан секрециясының қабынуына, ішек сөлінің пайда болуына, созылып, ішек ауруларының пайда болуына әсер етеді. Гастрит, ішек жарасы және т.б. асқазан ауруына шалдыққан жандар газдалған сусын орнына газдалмаған минералды су, көк шәй ішкен жөн.
Аяғы ауыр келіншектер мен үш жасқа толмаған балаларға газдалған сусындарды ішуге болмайды. Үштен асқан балаларға бұл сусындарды газын шығарып беру керек. Газдалған сусындар орнына сүттен жасалған коктейль, жеміс-жидек пен көкөніс шырын, газдалмаған минералды су пайдаланған абзал. Жеміс-жидек пен көкөністер шырын құрамында әр түрлі дәрумендер мен микроэлементтер кездеседі. Бұл шырындар балаларға да, жүкті әйелдерге де, созылмалы аурумен ауыратын жандарға да өте пайдалы.
Диетолог мамандар ересек адамға күнделікті 3 стакан шырын, ал балаларға 1 стакан тамақ алдында 30-40 минут бұрын ішу керек деседі. Шырын ас қорыту жүйесін жақсартады екен.
Көп мөлшерде пайдаланылған шырын бүйрекке, сондай-ақ, аяқ-қолдың сарсып ісуіне әсер етеді. Шырын құрамындағы кейбір элементтерден аллергия пайда болуы мүмкін. Сондықтан да, сусын сатып алмас бұрын шөлмек сыртындағы затбелгіні мұқият оқып, құрамына мән беріңіз.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: donbass.ua, obozrevatel.com
Ғ. Ұзақ