АҚШ ғалымдары кофені 4 жыл бойы зерттеп, қызықты қорытынды жасады.
Тарқатып айтсақ, ғалымдардың зерттеу қорытындысы бойынша, кофе С гепатитімен ауыратын адамдардың өмірін едәуір жеңілдететін көрінеді. Күніне бір шыны аяқ кофе ішу патологиялық өзгерістердің өршуін тежеп, бауыр ауруларына қарсы тұратын ағзаның иммунитетін күшейтеді екен. Зерттеушілер мұндай қорытындыға адамдарға жасаған эксперимент нәтижесінде келіп отыр.
Дәлірек айтсақ, ғалымдар гепатитпен байланысты бауыр ауруынан зардап шегетін 766 адамға өздерінің тәжірибелерін жасаған. Оларға берілген қарапайым антивирусты препараттар бірде-бір әсер бермеген көрінеді. Сырқаттарды екі топқа бөлген ғалымдар әр топқа түрлі мөлшерде кофе шынысын ұсынған. Әр үш ай сайын ағзаның ауруға қарсы тұру, ішкі ағзалардың жағдайы және тағы да басқа көрсеткіштерді тіркеп алып отырған.
Тест қорытындысы таңқаларлықтай болды. Экспериментке қатысып, күніне үш және одан да көп шыны кофе ішкен адамдардың денсаулығы бастапқы күйіне қарағанда 47%-ға жақсарған. Ал қосымша шайдың да әсерін зерттеген ғалымдар одан мұндай әсер байқамаған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: gazeta.ru