Интернет пен әлеуметтік желідегі жалған ақпараттармен күресетін StopFake жобасы коронавирусты емдеуге және алдын алуға қатысты бірнеше фейкті әшкереледі.
Бірінші фейк. Коронавирустың алдын алу үшін ауызды тұзды ерітіндімен шаю қажет
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары желіде тарап жатқан мұрынды тұзды ерітіндімен үнемі шаю арқылы коронавирусты жұқтырмауға болады деген ақпаратты жоққа шығарды. Жалған хабарламада вирус өкпеге түспестен бұрын төрт күн бойы тамақта тіршілік етеді, сол үшін оны үнемі шаю арқылы кетіруге болады делінген.
"Мұрынды тұзды ерітіндімен үнемі шайып отыру жаңа коронавирустық инфекциядан қорғануға мүмкіндік беретіні туралы ғылыми дәлелдер жоқ. Кейбір мәліметтерге сәйкес, мұрынды тұзды ерітіндімен үнемі шаю жалпы суық тигенде көмектесуі мүмкін. Бірақ оны респираторлық инфекциялардың алдын алу үшін қолданудың тиімділігі туралы дәлелдер жоқ", – делінген ДДСҰ сайтында.
Қарағанды медицина университетінің жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Роза Бегайдарова StopFake жобасына вирусты ертіндімен шаю арқылы кетіру мүмкін емес екенін айтады:
"Коронавирусты ағзадан шаю арқылы кетіру мүмкін емес. Алайда, бұл шаралар басқа ауруларда, мысалы, суық тиген кезде көмектеседі. Үнемі шаюдың да кері әсері барын ұмытпауымыз керек екенін – бұл шырышты қабықтарды құрғатып, әлсіретеді. Сондықтан шаюды шамадан тыс қолдануға болмайды. Қоғамдық орындарда бетперде таққан дұрыс".
Екінші фейк. Жусан коронавирусқа ем
Көктемде Мадагаскарда коронавиурсты жусан тұнбасымен емдеуге болатыны жайлы ақпарат жарық көрді. Дегенмен әлі күнге дейін бұл әдіс ғылыми тұрғыда дәлелденген жоқ. Ал көпшілік арасында жусанмен коронавирусты емдеуге болатыны жайлы жалған ақпарат тарап жүр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкада өсетін шөптен жасалған тұнбаның коронавирусқа қарсы емін сынақтан өткізуді мақұлдады. Бүгінгі таңда ғалымдар жусанды зерттеп жатыр.
"Бүгінде жусанның COVID-19 емдеуге көмектесетіні туралы бірде-бір ғылыми дәлел жоқ. Жусан, басқа да шөптер сияқты иммунитетті күшейте алады. Сондықтан одан жасалған тұнбаны коронавирус инфекциясының алдын алу үшін емес, денсаулықты нығайту үшін ішуге болады", – дейді Қарағанды медицина университетінің жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Роза Бегайдарова.
Үшінші фейк. Қорғаныс маскасы балаларға қауіпті
Healthy Children басылымында жарияланған ғылыми зерттеу жұмысында маска тағудың салдарынан балаларда асфиксиясы мен көмірқышқыл газымен улану жағдайы болмайтыны айтылған. Джонс Хопкинс университетінің профессоры Кимберли Дикенсон және Цинциннати балалар ауруханасының пульмонологиялық бөлімінің директоры Тереза Гилберт қорғаныс маскасы балалардың өміріне кері әсер етіп, әлсіретеді деген тұжырымдаманы жоққа шығарды.
Фейк: Бес жасқа толмаған бала маска таққаннан тұншығып кетуі мүмкін
Шындық: Бес жасқа дейінгі балаларға қорғаныс маскасын тағудың қажеті жоқ. Өйткені кішкентай балалар қолдарымен бетін жиі ұстайды, оған қоса қорғаныс маскасын қалай қолдану керегін білмейді. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ата-аналарға қоғамдық жерлерге барғанда не індет жұқтыру қаупі жоғары орындарда барарда кішкентай балаларына маска тағуға кеңес береді.
Фейк: Маска таққанда балалардың тыныс алуы қиындайды
Шындық: Стандартқа сай маска тыныс алуға қажет оттегі деңгейіне әсер етпейтін материалдардан жасалады. Тіпті, белсенді физикалық жаттығудан соң сатурация деңгейі өзгермейтіні анық.
Фейк: Маска көмірқышқыл газын ұстап, улануға әкелуі мүмкін
Шындық: Дем алуға арналған материалдан жасалған маска көмірқышқыл газын ұстап қалмайды. Бұған дейін StopFakе.kz маскалар көмірқышқыл газымен улануға әкелуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Фейк: Маска баланың иммун жүйесін әлсіретуі мүмкін
Шындық: Маска тағудың иммун жүйесін әлсірететіні туралы ешқандай ғылыми дәлел жоқ.
Фейк: Маска бала өкпесінің қалыпты дамуына кедергі жасайды
Шындық: Мамандардың айтуынша, маска тағу балалардың өкпесінің дамуына кедергі келтірмейді. Бұл ретте COVID-19 әлдеқайда қауіпті және өкпеге зиянды әсер етуі мүмкін.