Ет – адам ағзасының толыққанды қызмет етуі үшін өмірлік маңызды өнім. Ол ақуыз, микроэлементтер мен дәрумендердің қайнар көзі. Ет көптеген тағамдардың басты ингредиенті болып табылады, сондықтан тағамның дәмді әрі хош иісті болып пісуіне еттің де дәмі мен иісі әсер етеді.
Еттің иісі неге байланысты?
Ет тез бұзылатын өнімдер қатарына жатады, және егер оны дұрыс сақтамаған жағдайда сыртында, ал кейін ішінде микробтар мен шіріткіш бактериялар тез көбейе бастайды. Бұзылған өнімнің иісі шығып, тағамға салуға жарамай қалады. Бірақ еттің хош иісі сонымен қатар бабына келуіне байланысты.
Мал сойылғанда оның еті физикалық және химиялық үдерістерге байланысты бірнеше құрылымдық өзгерістерге ұшырайды. Алдымен ұлпалардың сіресуі орын алады, бірақ кейін ферменттердің әсерінен бұлшық ет талшықтары жұмсара бастайды. Бұл үдерісті мамандар «балбырау» деп атайды және осыдан кейін ет дәмді, өзіне тән хош иіске бөленеді. Мұндай ет аспаздыққа жақсы беріледі.
Егер тағамға жаңа сойылған малдың етін пайдаланса, ет қатты және тығыз болып тұратындықтан сорпасы дәмсіз және өзіне тән хош иісі болмайды. Сондықтан еттің дәмін келтіру үшін оны біраз сақтап, бабына келтіру керек.
Егер етті мұздатқышта сақтағыңыз келмесе, оны тоңазытқышта, пергамент немесе қағазға орап, ал сыртын уксуспен дымдалған тығыз матамен қаптап сақтаңыз.
Етті қалай таңдау керек?
Еттің жағымсыз иісінен қалай құтыламын деген мәселемен бас ауыртпас үшін дұрыс ет таңдаңыз. Сатып аларда оны иіскеуден ұялмаңыз. Қандай ет таңдасаңыз да: қой еті немесе сиыр еті болсын, еттің түсі тым қошқыл болмауы тиіс. Еттің текстурасы қатты және тығыз болмауы керек, ал оның түсі қай жерінен кесілсе де бірдей болуы тиіс.
Еттің жағымсыз иісінен қалай арылуға болады?
Егер ет дұрыс сақталмаған болса, ол жанында тұрған басқа өнімдерден жағымсыз иіске бөленуі мүмкін немесе бұзыла бастағандығының белгісі. Бұзылу үдерісі жаңадан басталған жағдайда және етті тағамға қосуға жарайтын болса, етті 2 сағатқа сүтке салып қою арқылы жағымсыз иісін кетіруге болады. Егер бірінші мүмкіндіктен кейін жағымсыз иіс кетпеген болса, бұл процедураны тағы бір қайталауға болады. Жағымсыз иісті, сонымен қатар, етті үгітілген сарымсақ немесе қышамен ысқылап, кетіруге болады.
Еттің табиғи дәмі мен хош иісін келтіру үшін тағамға дәмдеуіштер мен хош иісті шөптер қосады. Бірақ егер ет бұзылған болса, дәмдеуіштер оның жағымсыз иісін тек еселей түседі.
Мұздатқыш болмаған замандарда етті бабына келтіру үшін аспазшылар оны өсімдік майымен ысқылап, тартылып қалған бұлшық етті уқалағандай уқалайтын. Кейін оны ештеңеге орамай, бетін жаппай, суық жерге бірнеше сағатқа қойып қойған. Егер иісі әлі де білінбеген болса, уқалауды тағы бір қайталаған.
Сурет: kakizbavitsyaot.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Ет таңдау ережелері