Еритін кофе - жұпар иісті сусынға заманауи балама. Еритін кофе нағыз кофенің бар дәмін ашпаса да, асыққан мына заманда уақытыңызды үнемдеп, әлдеқайда үлкен қызмет атқарады.
Расында, қазірде еритін кофе адамның уақытын үнемдеп, сергітіп, ойын жинақтауға, таңмен оянуға не жылынуға көмектеседі. Осы сусынның тарихын білесіз бе?
Еритін кофені 1901 жылы Чикаго қаласында жапон ғалымы Сатори Като ойлап тапты. Ол кофені еритін шай технологиясы бойынша өңдеп, еритін кофе алды. 1906 жылы ағылшын химигі Джордж Констант Вашингтон көпшілік өндірісіне дайын еритін кофе шығарды. Осылайша 1909 жылы Red E Coffee есімді алғаш еритін кофе шығарылды. Бірінші дүниежүзілік соғыста еритін кофе ең танымал сусынға айналды. Ол америкалық сарбаздарының күнделікті тағамына қосылды.
Кофенің глобалды өндірісте өз орнын алуға 30 жылдардағы кризис әсер етті. Осы кезде Бразилия үкіметі артық кофені қайда сақтарын білмеген. Швейцариялық Nestlе компаниясынан көмек сұрап, бұл мәселені Макс Моргенталер есімді химикка тапсырды. Ол еритін кофе әзірлеу технологиясын жаңартып, 1938 жылы әйгілі Nescafe еритін кофесі көпшіліктің назарына ұсынылды. Кофе тез арада танымалдыққа ие болып, әлемнің түкпір-түкпіріне тарала бастады.
Кофе дәндерден қораптағы еритін экстратқа дейінгі жолында 20 саты химиялық өңдеуден өтеді. Еритін кофенің қорапшасында жиі бұл кофе арабика дәндерінен жасалынған деп жазылады. Алайда көп жағдайда мұндай кофе арзан робуста дәндерінен жасалынады. Бұл дәндерде кофеиннің үлесі басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болады.
Еритін кофе өндірісінде сонымен қатар жәндіктермен желінген, ақауы бар дәндер де қолданыла береді. Ал кейбір өндірушілер еритін кофеге ұсақталған цикорий, арпа, тіпті емен жаңғақтарын қосады екен. Кейбір зерттеулер бойынша еритін кофе құрамындағы шын кофенің үлесі 15-20%.
Еритін кофенің мынандай түрлері бар:
Ұнтақталған кофе. Ең танымал, кең таралған түрі. Оны құрғатып-тозаңдату әдісімен әзірлейді. Қуырылған кофе дәндерін ұсатып, ыстық су ағынының астында өңдейді. Ерітіндіні сүзгіден өткізіп, тозаңдата бастайды. Осылайша ол ұнтаққа айналады. Мұндай кофені аспаздықта тәттілер мен сусындар даярлағанда да кең қолданады.
Түйіршіктенген кофе. Әзірлену үрдісі ұнтақ кофе сияқты. Ұнтақ кофені қымтап, түйіршіктерге айналдырады. Сондай-ақ кофенің иісі мен дәмі қаттырақ шығуы үшін оған кофе майы мен басқа да ароматизаторлар қосады.
Сублимацияланған кофе. Кішкентай кристалл түрінде келген еритін кофе қымбатырақ болады. Ол сублимация үрдісіне ұшырайды. Бұл кофені өңдеп, одан еритін кофе алудың ең дұрыс жолы. Ол өзінің табиғи дәмі мен иісін сақтайды әрі әсері де көбірек.
Сұйық кофе. 2008 жылы Tchibo компаниясы еритін кофенің жаңа түрі - сұйық кофені шығарды. 1-2 қасық сұйықтықты суда ерітіп ішеді.
Ал сіз еритін кофе ішесіз бе?
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: teamoty.com