Жаздың аяқталуымен жеміс-жидектер мен көкөністердің мерзімі аяқталды деп көңіліңізді түсірмеңіз, себебі жаз бойы күннің көзін сіңіріп, дәрумендерін беруге дайын күзгі жидектердің уақыты енді келді. Күзгі жидектер мұздатқышта ұзақ сақталады және дәмді әрі емдік компоттарға оңай айналады.
Итмұрын (шиповник)
Қазір бізге таныс раушан гүлінің барлық сұрыптарын хош иісті гүлі мен тәтті жемісі бар жабайы тікенекті итмұрыннан алған. Бірақ итмұрын гүлдеп біткеннен кейін ғана оның жидектері назарға алынады. Итмұрын дәрумендерге бай: ондағы С дәруменінің өзі лимон немесе апельсин қабығынан 10 есе көп. Қазір итмұрынды жинап немесе сатып алып, кептіріп қойған жөн. Ал қыста кепкен итмұрыннан емдік шай дайындауға болады.
Қызылжидек (брусника)
Қызылжидек – дәрумендерге, биологиялық белсенді заттарға, органикалық қышқылдарға толы тағы бір күзгі жидек. Қызылжидек – жоғары қан қысымына көмектесетін ең бірінші құрал. Сондай-ақ, оның тағы бір пайдалы қасиеті – ол кез келген сусынға қарағанда жақсырақ шөлді қандырады. Мәңгі жасыл бұтаның тек жидектері емес, сонымен қатар жапырақтары да өте пайдалы. Бұл жидекті қыркүйек-қараша айларында жинаған жөн. Күздің басында жидектің дәмі қышқыл болғанымен, қысқа таман ол өзінің пайдалы қасиеттерін сақтай отырып, дәмін жақсы жаққа өзгертеді.
Шеңгел жидек (калина)
Әдемі шеңгел күзгі жидегінің мінезі "ауыр". Біріншіден, ол дәмсіз. Екіншіден, жылулық өңдеу кезінде одан жағымсыз иіс шығады. Соған қарамастан одан көптеген дәрілік құралдар мен пайдалы сусындар жасайды. Себебі оның құрамы пайдалы заттарға бай. Шеңгел жидекті тыныс алу жолдары аурулары, жөтел және дауыс жоғалту кезінде қолданады. Шеңгел жидек шырыны қан тамырларды тазартуға көмектеседі.
Шырғанақ (облепиха)
Шырғанақтың да айрықша дәмі бар, бірақ бұрын әжелеріміз оған қант сеуіп, пайдасы туралы қайталап айтатын болған. Шырғанақ полидәруменді жинақтан тұрады. Шырғанақтан жасалатын ең танымал өнім – ол оның майы. Шырғанақ майы бактерицидті және жара жазатын қасиетке ие, ол ауруды басып, терідегі зақымды жазады. Шырғанақтың адам ағзасына пайдасы көп. Тек оны дәмді етіп дайындай білу керек. Компот дайындасаңыз, шырғанақ алмамен жақсы үйлеседі. Ал егер тосап жасағыңыз келсе, оған грек жаңғағын салыңыз. Шырғанақ майын аз-аздан салаттарға қосуға болады.
Мүкжидек (клюква)
Бұл жидек жаздың басында гүлдейді, ал оны теруге қыркүйектің басында баруға болады. Дәрігерлер мүкжидекті ең пайдалы тамақтану өніміне жатқызады. Себебі, мүкжидек – керемет антиоксидант, оның құрамында С дәруменінің көп мөлшері және калий тұзы бар. Ол тұмау кезінде бірінші көмекші бола алады. Тамырлардың түйнеліп кеңеюі кезінде де мүкжидекті ұсынады. Көпшілік мүкжидектің мұздатқышта ұзақ сақталған түрін қолданады, бірақ негізі оның жаңа піскен түрінде 100% пайдалы қасиеттері сақталады.
Долана (боярышник)
Долана жидектері кішкентай қызыл алмаға ұқсайды. Адамдар оны декоративті зат ретінде қабылдайды. Бірақ оның дәмі жағымды, тек дәнегі үлкен болып келеді. Доланадан компот пен шарап дайындайды. Медицинада доланадан жүрек соғуының ырғақсыздығы және басқа да қауіпті ауруларға арналған дәрілер жасайды. Ал халық медицинасы болса, долананы жөтелге, демікпеге және ұйқысыздыққа қолдануды да ұсынады.