"Жаңа жыл" десе, оливье салаты, "оливье" десе Жаңа жыл еске түседі. Барлығына қолжетімді, бағасы ең тиімді әрі тойымды салатты барлық отбасы әр Жаңа жыл мерекесінде дастарханға қоюды дәстүрге айналдырған. Негізгі құрамы қайнатылған картоп, сәбіз, қияр, жұмыртқа, бұршақтан тұрғанымен, әркім қалауына қарай түрліше тағам қосып, түрлендіріп жасай береді. Әдеттегі жасап жүрген оливьеден жалықсаңыз, өзгеше түрлерін байқап көріңіз.
Саңырауқұлақ оливьесі
Қайнаған картоп, консервіленген қозықұйрық (шампиньон), қайнатылған жұмыртқа, консервідегі жасыл бұршақ, пияз және майонез қосып, қалауыңызша көкшөп сепсеңіз болады. Құрамында саңырауқұлақ бар екенін білдіру үшін бетіне аздаған майонез құйып, оның үстіне суреттегідей кесілген қызанақ қойып сәндеңіз.
Антикризистік оливье
Оливье пролетарлық салат екеніне күмән жоқ. Одан үнемді салат тек винегрет қана болуы мүмкін. Картоп, сәбіз, консервідегі ақ бадана (фасоль), қысқа шұжық (сардельки немесе сосиски), жұмыртқа, тұзды қияр, майонез қосып та оливье жасауға болады.
Балық қосылған оливье
Картоп, жұмыртқа, тұзды қияр, майонез тағамдарына балық қосылған үлгісі де көпшілік көңілінен шығады. Балық суда жүретіндіктен, салаттың бетіне балдыр секілді етіп әртүрлі аскөк не қызыл уылдырық қойып безендірсеңіз болады.
Вегетариандарға арналған оливье
Картоп, сәбіз, жасыл асбұршақ, консервідегі жүгері, маринадталған қияр және тофу (соя ірімшігі) қосып жасалған оливье де ерекше дәмді. Швед үстелі секілді әзірлейтін болсаңыз, салатты тарталеткаға салып ұсынсаңыз да, ерекше көрінеді.
Тойымды оливье
Оливьенің классикалық жаттанды мәзіріне балғын қиярды немесе қышқыл алманы қосып жасасаңыз, ең ерекше оливье сіздің үйде болады. Одан ары айрықша бола түскенін қаласаңыз, шұңғыл ыдысқа салып, қалыпқа келтіріңіз де, бетіне ерітілген сыр құйыңыз. Бетіне қызыл уылдырық қойыңыз.
Тауық етінен жасалған оливье
Әдетте оливьеге картоп, сәбіз, жұмыртқа, асбұршақпен бірге ет қосылады. Ал сіз бұл жолы тауықтың төс етін қосып әзірлеп көріңіз. Оған маринадталған және балғын қиярды қатар қоссаңыз да болады. Мұны да іші шұңғыл ыдысқа салып, кейін тәрелкеге төңкеріп, цилиндр пішінде ұсына аласыз.
Кеңестік кезең оливьесі
Кеңес дәуірінен келе жатқан шұжық қосылған оливье де кең тараған. Мұнда да өзгешелік тек шұжыққа қатысты, басқалары алдыңғы рецептілер бойынша ұсынылады.