- Негізгі бет
- Аспаздық
- Дүкеннен әкелген азық-түлікті...
Дүкеннен әкелген азық-түлікті қалай дезинфекциялаймыз?
Карантин кезінде адамдарды дүкен сөрелерінде тұрған азық-түліктің қаншалықты таза екені жайлы сұрақ мазалайды. Әрине, себебі ешкім вирус жұқтырып алғысы келмейді. Сондықтан дүкеннен үйге әкелген немесе тапсырыспен алдыртқан азық-түліктің қаптамасын дезинфекциялауға аса мән беру керек.
Ең алдымен дүкеннен әкелген барлық пакет пен сөмкені бірден асүйге апармай, кіре беріске қою керек. Ең дұрысы, дүкенге кенеп матадан тігілген сөмкемен барған жөн. Сол кезде оны дүкеннен келген соң өте ыстық суға жуып, жақсылап кептіріп аласыз. Аузы жақсы жабылған барлық азық-түліктің сыртын ағып тұрған судың астында жуып алыңыз.
Жеміс пен көкөністі дезинфекциялау
Жеміс пен көкөністі ағып тұрған судың астында бірнеше рет жуу керек. Оларды, тіпті, сабынмен де жууға болады. Содан соң көкөніс пен жемісті дуршлагқа салып, үстінен қайнаған су құйып шығу қажет. Одан кейін бірден салқын судың астына шайыңыз. Көкөніс пен жемісті осы әдіспен жуса, олардың іші зақымдалмайды. Бастысы, оларды жылдам жуыңыз. Оларды ыстық не салқын суға салып қоюдың қажеті жоқ.
Нан өнімдерін дезинфекциялау
Қазіргі уақытта ең дұрысы – нанды үйден пісіру. Ал егер дүкеннен сатып алсаңыз, оның сыртында қаптамасы бар түрін алыңыз. Егер қаптамасы жоқ түрін алсаңыз, үйге келген соң нанды термиялық өңдеу керек. Ол үшін нанды аздап қуырыңыз немесе қызып тұрған газға салып алыңыз.
Жұмыртқаны дезинфекциялау
Жұмыртқаны бактериядан тазарту оңай. Ол үшін үйде ас содасы болса жеткілікті. Әр жұмыртқаны сода ерітіндісіне жуып, содан соң ағып тұрған судың астына шайып аласыз.
А. Жапатова