Денсаулыққа пайдалы 5 сусын

Кез келген адамға өзін жақсы сезіну үшін сергітетін сусын қажет. Газдалған сусындар мен тәтті шырындар шөлді қандырмайды, олардың ағзаға еш пайдасы жоқ және тәуелділік тудырады. Олардың орнына пайдалы сусындар ішуді әдетке айналдырыңыз. Үйден дайындауға болатын пайдалы 5 сусынды ұсынамыз.

Мүкжидек морсы
Мүкжидек морсы қабынуға қарсы және тұмауға қарсы қасиетке ие. Мүкжидек морсы құрамындағы түрлі микроэлементтердің арқасында пайдалы болып келеді:

- Табиғи қант;
- Органикалық қышқылдар;
- Ауыр металдарды бейтараптандыратын пектиндер;
- С, РР, Е, Н, К және В топтарының дәрумендері;
- Кальций, темір, мыс, йод, никель және т.б элементтер.

Күніне бір стақан (250 мл) мүкжидек морсын ішудің өзі жеткілікті. Ол түрлі жұқпалармен күреседі, ағзаны пайдалы элементтермен қуаттандырады, көңіл күйді көтереді, тонусты арттырады және күш сыйлайды. Сонымен қатар, морс ұйқысыздықпен күреседі, бас ауруын басады және тамаққа тәбетті ашады.

Компот
Дүкенде сатылатын құрамында еш пайдалы дәрумендері жоқ шырындар мен сусындарды компотпен ауыстыру керек. Оның үстіне дүкен шырындарының құрамында қант мөлшері өте көп. Ал компот шөлді жақсы қандыруымен қатар ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етеді. Мысалы:

- Алма мен алмұрт компоты ағзадағы токсиндерді шығаруға көмектеседі;
- Алхоры компоты аздап іш жүргізетін қасиетке ие;
- Шабдалы мен өрік компоты жүйке жүйесіне, жүрек жұмысына жағымды әсер етеді және көру жүйесіне көмектеседі;
- Қарақат және мүкжидек компоты иммунитетті қатайтады;
- Таңқурай компоты тұмау кезінде ыстықты түсіруге көмектеседі және ағзаны қалпына келтіруші қасиетке ие.

Ал кепкен жемістерден жасалатын компоттың орны ерекше: мұндай компот суық ауа райында ағзаны қажетті дәрумендермен, темір, калий, натрий және йодпен қамтамасыз етеді.

Анар шырыны
Анар шырынында А, Е, РР, С және В топтарының дәрумендері мен фолацин (фолий қышқылының табиғи түрі) бар. Ол антиоксиданттар мөлшері бойынша көк шай, көкжидек (голубика) және мүкжидекті (клюква) басып озады.

Анар шырыны адам ағзасының барлық жүйесінің жұмысына жағымды әсер етеді. Оның көпшілік білетін пайдалы қасиетіне гемоглабин мөлшерін көтеруі жатады. Қаназдықпен ауыратын адамдарға және жүкті әйелдерге анар шырынын ішу жиі ұсынылады.

Сонымен қатар, анар шырынын жүрек-қан тамырлар аурулары бар адамдарға ішу ұсынылады: ол қан тамырларды холестериннен тазартады және жүрек бұлышеттерін қатайтады. Бұл шырынды уақытылы ішу инсульт пен инфаркт болу қаупін азайтады.

Жалбыз шайы
Жалбыз – әлемдегі ең танымал хош иісті шөп. Жалбыздың басқа ештеңеге ұқсамайтын өзіндік дәмі бар. Оның құрамында ағзаға қажетті А, В, С дәрумендері мен микро және макроэлементтер бар.

Жалбыз шайы – осы шөпті қолданудың ең оңай жолы. Жалбыз шайын дайындауға тек су мен жалбыз керек. Бұл сусынның пайдасы баяғыда дәлелденіп қойған. Жалбыз шайы лимонмен және балмен жақсы үйлеседі. Мұндай сусынды тұмау аурулары кезінде ішу ұсынылады.

Жалбыздың құрамында аштық сезімін басатын эфир майлары көп болғандықтан оны диета сақтау кезінде ішуге болады. Жалбыз шайының тағы бір пайдалы қасиетіне жүйке жүйесін тыныштандыруы жатады. Сондықтан ашуланғанда немесе қатты уайымдағанда жалбыз шайын ішу пайдалы.

Алма шырыны
Мамандар алмада өмірлік маңызы бар дәрумендер мен микроэлементтердің барын айтып келеді. Алманың барлық пайдалы қасиеттері оның жаңа сығылған шырынында да сақталады. Жаңа сығылған шырында ешқандай жасанды қосымшалар мен консерванттар болмайды. Сондықтан дүкенде сатылатын алма шырынынан гөрі жаңа сығылған алма шырыны пайдалырақ болып келеді.

Алма шырыны зат алмасу процестерін жылдамдатады, сондықтан ол арықтау кезінде тиімді көмектеседі. Алманың құрамындағы микроэлементтер мен дәрумендер иммунды жүйені қатайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, алма шырыны ішекті жақсы тазартады, іш қатуға жол бермейді және өт айдайтын қасиетке ие. Ағза тазарғандықтан тері, тырнақ және шаш жағдайы жақсара түседі.

Байқағаныңыздай, дәрумендерге толы сусындар дәрумендер мен басқа да пайдалы элементтердің жетіспеуін толықтыра алады. Әсіресе, олар маусымаралық уақытта аса қажет: бұл кезде иммунды жүйе әлсірейді. Сондықтан жоғарыдағы сусындарды рационыңызға қосу арқылы ағзаңызды қуантыңыз.