Үнді киносының танымал жұлдызы Айшвария Рай басты рөлді сомдайтын «Дәмдеуіштер ханшайымы» («Принцесса специй") атты фильмді тамашалаған болсаңыз, біздің әңгімемізге тез қосылып кете алатындығыңызға сенімдіміз. Өйткені, бүгін сіздерге экзотикалық елдердің ыстық лебі есетін, күздің және қыстың суық күндерінде сенімді серік бола алатын дәмдеуіштер патшалығының беделді өкілдері туралы баяндайтын боламыз.
1. Даршын (корица). Езілген немесе таяқша пішіндегі хош иісті бұл дәмдеуіштің отаны – Шри-Ланка саналады. Даршын – сан мың ғасырдан бері адамзаттың сүйікті дәмдеуіштерінің қызметін атқарып келеді. Тарихшылардың айтуынша, б.з.д. 1500 жыл бұрын египеттік патшалар даршынды іздеу үшін арнайы кемелер жасатып, сенімді адамдарын жіберетін болған екен. Даршынның қоспасымен жасалған кез келген тағам немесе шәй жаныңызды рахатқа бөлейді.
2. Күймесгүл (бадьян). Бұл дәмдеуіштің отаны – Солтүстік Америка, Шығыс және Оңтүстік –Шығыс Азия елдері. Көрінісі әдеміше келетін жұлдызша бәден – Қытай асханасының визитті карточкасы іспеттес. Шығыс елдерінде бәденді негізгі тағамдарға қосатын болса, еуропалықтар кондитерлік тағамдарды әзірлеу үшін пайдаланады. Әсіресе, жұлдызды бәденнің кексті пісіру кезіндегі атқаратын рөлі ерекше. Халық медицинасында оны асқазан-ішек жолдары ауруын емдеуде қолданып келеді.
3. Кардамон. Мұрныңызды жарардай хош иісті және лимон дәмі татитын кардамонсыз үнді асханасын елестету мүмкін емес. Үндістанда жасыл, ақ түсті кардамондар шәй дайындау үшін қолданса, қара түсті кардамондар негізгі тағамдардың дәміне дәм қосып келеді.
4. Қалампыр. Ғалымдардың айтуынша, қалампырдың құрамында адам ағзасына аса пайдалы микроэлементтер бар екен. Қалампыр туралы алғашқы деректер Қытай, Үндістан, Египет қолжазбаларында кездеседі. Қолжазбадағы мәліметтер қалампырдың алғашында дәмдеуіш емес, дәрі-дәрмек ретінде қолданғандығын көрсетеді. Ет пісірер алдында қалампырдың бір-екі түйірін салып жіберсеңіз, етіңіз жұмсақ әрі дәмді болып піседі.
5. Зімбір. Зімбірдің шыққан-тегі Оңтүстік-Шығыс Азия болып саналады. Б.з. бірінші ғасырларында зімбірді уды қайтаратын дәрі-дәрмек ретінде пайдаланған. Қазіргі таңда зімбір Қытай, Үндістан, Индонезия, Аустралия, Батыс Африка, Ямайка, Барбадос жерлерінде өсіріледі. Зімбірді кез келген тағамға қосуыңызға болады.
Суреттер:poleznovredno.ru,cooculinar.com,obozrevatel.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева