- Негізгі бет
- Аспаздық
- Дәмді әрі пайдалы...
Дәмді әрі пайдалы езбе сорпалар
Езбе сорпалар ағзамыз үшін өте пайдалы. Олардың қоректік қасиеті жоғары әрі тәбетіңізді ашатындай хош иісті болады.
Брокколи езбе сорпасы
Құрамы: 0,5 кг брокколи, 1 пияз, 1 стақан кілегей (майлылығы 10%), 2 стақан су немесе сорпа, тұз, бұрыш.
Дайындалуы: Пиязды тураңыз. Алдын ала қыздырылған майға пиязды қуырып алыңыз. Тұз салынған қайнаған суға немесе сорпаға броккольді салыңыз. Дайын болғанша қайнатыңыз. Ең соңында сорпаға қуырылған пиязды қосыңыз. Дайын болған қоспаны бір қалыпты құрамға келгенше блендерде езіңіз. Дайын болған езбені қайтадан кәстрөлге салып, үстіне бір стақан кілегей, қалауыңызша тұз, бұрыш қосып, қайнатпай, сәл ғана жылытып алыңыз. Езбе сорпа дайын.
Түрлі-түсті қырыққабат қосылған езбе сорпасы
Құрамы: 700 г түрлі-түсті қырыққабат, 200 г картоп, 200 г 10-20% құрайтын кілегей, 100 г пияз, 1 ас қасық сары май, тұз, бұрыш
Дайындалуы: Пиязды майдалап тураңыз. Картопты тазалап, кішігірім төртбұрыш көлемде турап алыңыз. Түрлі-түсті қырыққабатты жапырақтарын бөліктерге бөліңіз. Түбі қалың кәстрөлге сары майды ерітіп алыңыз. Үстіне пиязды салып, 3-4 минут көлемінде пияз жұмсарғанша қуырып алыңыз. Үстіне картопты, қырыққабатты салып, көкөністерді су толығымен жауып тұратындай етіп ыстық су құйыңыз. Тұз, бұрыш салып, картоп пен қырыққабат жұмсарғанша 20-25 минут пісіріңіз. Кейін көкөністерден барлық суды құйып алыңыз. Судан 2 стақан сақтап қойыңыз. Көкөністерді блендерге салып, үстіне қайнатпаның 1 стақан су қосып езбе жасаңыз. Сорпаны қайта кәстрөлге салып, үстіне кілегей қосып, араластырыңыз. Қалауыңызша жылытып алыңыз, бірақ қайнатпаңыз.
Жасымық қосылған езбе сорпасы
Құрамы: 1 стақан жасымық (чечевица), 3 тал картоп, 2 тал ірі қызанақ, 1 тал сәбіз, 1 тал пияз, 1 бас сарымсақ, лавр жапырағы, бұрыш.
Дайындалуы: Жасымықты жақсылап жуып алыңыз. Үстіне су құйып, қайнатыңыз. Бетіндегі көбікті алып, үстіне лавр жапырағы мен 4 тал сарымсақ салыңыз. 30 минут баяу отта пісіріңіз. Сәбізді ірі көзді үккіштен өткізіңіз. Пиязды майдалап тураңыз. Қызанақтарды да ірі көзді үккіштен өткізіп алыңыз. Пияз бен сәбізді майда 5 минут қуырып алыңыз. Қуырылған азықтардың үстіне үккіштен өткізілген қызанақтарды салып, қақпағын жауып 10-15 минут пісіріңіз. Картопты тазалап, төртбұрыштап тураңыз. Кәстрөлге қызанақ тұздығы мен картопты салыңыз. Дәміне қарай бұрыш пен тұз қосып, 20-25 минут пісіріңіз. Кейін оттан алып, үстіне сарымсақ өткізгіштен өткен 2 тал сарымсақты салып, қақпағын жауып 15 минутқа қойыңыз. Сорпадан лавр жапырағын алып, дайын қоспаны блендерде езіңіз.
Қақталған наны бар кілегейлі сорпасы
Құрамы: 6 тал картоп, 3 ерітілген ірімшік, 1-2 тал сарымсақ, 0,5 литр 20% құрайтын кілегей, нан, тұз, бұрыш.
Дайындалуы: Картопты тазалап, ортасынан бөліп, үстіне су құйып отқа қойыңыз. Піскен кезде судан шығарып, блендер немесе шанышқының көмегімен езіп алыңыз. Кейін картопты қайта суға салып, үккіштен өткізілген ерітілген ірімшік пен сарымсақты салыңыз. Ірімшік ерігенше күтіп, үстіне кілегей қосып қайнатып алыңыз. Бірақ қатты қайнатпаңыз. 20 минутқа сорпаны қойып қойыңыз. Дастарханға ұсынбас бұрын, үстіне қақталған нан салыңыз. Ас дайын!
Саңырауқұлақ қосылған езбе сорп
Құрамы: 600 г картоп, 600 г саңырауқұлақ, 2 пияз, сәбіз, 500 г кілегей, 2 ас қасық күнбағыс майы, тұз, бұрыш, ақжелкен.
Дайындалуы: Көкөністерді кәстрөлге салып, бетіне су құйып, отқа қойыңыз. Пиязды алтын түске енгенше қуырып алыңыз. Оған саңырауқұлақты қосыңыз. Дайын болғанша қуырыңыз. Көкөністер піскен соң, судан шығарып алыңыз. Кәстрөлдегі су 3 см көлемде қалуы тиіс. Осы суға саңырауқұлақ пен пиязды салыңыз. Кейін барлығын блендермен жақсылап езіңіз. Үстіне қайта кілегей қосып, тағы да жақсылап езіңіз. Тұз, бұрыш қосыңыз. Отқа қойып қайнатып алыңыз. Бетіне ақ желкен себіңіз.
Асқабақ езбе сорпасы
Құрамы: 300 г сәбіз, 800 г асқабақ, 30 мл сүт, 1 шай қасық тұз, 100 г қаймақ, 3 тал сарымсақ, 100 г пияз, 5 см балғын жанжабіл, майлылығы 20-22% 100 мл кілегей.
Дайындалуы: Көкөністерді қалауыңызша турап алып, аз майда 5-7 минут көлемінде қуырып алыңыз. Үстіне 1 литр ыстық су құйыңыз.Оның үстіне үккіштен өткізілген жанжабілді салып 10-15 минут пісіріңіз. Көкөністерді блендердің көмегімен езіңіз. Үстіне кілегей қосыңыз.
Дереккөз: comode.kz
Г. Берік