Чизкейк (cheese-ірімшік, cake-торт) – еуропалық және америкалық ас үй тағамы. Бұл тәтті тағамды торт немесе бәліш деп атағанмен, ол бисквитті десерт емес. Чизкейктің негізгі бөлігі – жұмсақ ірімшік/сүзбе, қант және майлы сүт/кілегей (сливки) қоспасынан тұратын салынды. Чизкейк Ежелгі Грецияда пайда болғанымен, АҚШ-та танымалдылыққа ие болды. Көпшілік ұнататын бұл дәмді десерттің 3 рецептісін ұсынамыз.
Чизкейкті үйде пісіру кезінде мынадай 6 ережені сақтау керек:
1. Ингредиенттерді тоңазытқыштан алдын-ала шығарып қойыңыз. Олардың бөлме температурасында болғаны маңызды;
2. Сүзбе қоспасын жоғары жылдамдықпен және ұзақ соқпаңыз. Егер қоспа ауамен аса қанығып кетсе, десерттің беті сынып кетеді;
3. Чизкейкті пеште су буына қойып пісіріңіз. Будың арқасында чизкейк біркелкі піседі;
4. Чизкейкті жоғары температурада пісірмеңіз. Оның 160-170° градус болғаны жеткілікті;
5. Бәлішті жайлап суытыңыз. Ол үшін чизкейк піскен соң алдымен пештің есігін сәл ашып, 15 минутқа қалдырыңыз. Содан соң ғана бәлішті пештен шығарыңыз. Тағы 10 минуттан соң бәліштің шетін ыдыс шетінен пышақтың көмегімен бөліңіз. Бірақ оны ыдыстан алмаңыз, толықтай суығанша қалдырыңыз;
6. Чизкейкке арналған сапалы кілегей ірімшігін таңдау қажет. Оған "Филадельфия", "Рикотта" және "Маскарпоне" секілді ірімшік алған жөн.
Классикалық чизкейк
Қажетті ингредиенттер:
- 300 г тәтті крекер печенье (немесе басқа үгілгіш печенье);
- 2 стақан қант;
- 100 г кілегей майы;
- 900 г кілегей ірімшік;
- 5 жұмыртқа;
- 3,5 ас қасық ұн;
- жарты лимонның қабығы;
- 2 ас қасық лимон суы;
- 1 ас қасық ванильді қант;
- 1 шымшым тұз.
Дайындалу жолы: Печеньені ұнтақтап, 4 ас қасық қант қосыңыз. Оған ерітілген кілегей майды құйып, барлығын араластырыңыз. Қолыңызбен біртекті қоспа жасаңыз. Оны ажырамалы дөңгелек ыдысқа салып, жайып, қолмен немесе стақан түбімен қатты нығыздап басып шығыңыз. Оны 180 градусқа дейін қыздырылған пешке 10 минут пісіріңіз. Ірімшікке, қант, лимон суын, лимон қабығын, тұз және ванилин салып, барлығын миксермен соғыңыз. Содан соң ұнды салып, соғуды тоқтатпаңыз. Жұмыртқаны бір-бірден салып, араластырыңыз. Суыған коржы бар ыдысқа ірімшік қоспасын құйып, пешке 1 сағатқа қойыңыз. Астына чизкейк салынған ыдыстан кіші басқа ыдысқа су құйып қойыңыз. Дайын чизкейктің жандары қызарған, ал ортасы қоймалжың болады. Бөлме температурасында толықтай суытып, содан соң тоңазытқышқа салып қойыңыз.
"Нью-Йорк" чизкейкі
Қажетті ингредиенттер:
- 200 г печенье;
- 100 г кілегей майы;
- 750 г кілегей ірімшігі немесе сүзбе;
- 200 г қант;
- 10 г ванильді қант;
- 3 жұмыртқа;
- 180 мл 35%-дық кілегей;
- 1 шай қасық лимон қабығы үгіндісі.
Дайындалу жолы: Үгілмелі негізді дайындау үшін печеньені ұнтақтаңыз, оған ерітілген майды құйып араластырыңыз. Оны ыдысқа салып, 180 градусқа дейін қыздырылған пеште 10 минутқа салып пісіріңіз. Ыдысты пештен шығарып, суыған соң жұқалтырмен орап қойыңыз. Лимонның қабығын үккіштен өткізіңіз. Қантты ұнтақтаңыз. Ірімшікті қантпен және ванилинмен миксердің аз жылдамдығымен соғыңыз. Оған лимон қабығының үгіндісін салыңыз және кілегейді құйыңыз. Содан соң тағы да соғыңыз. Кілегей кремді дайын негізі бар ыдысқа құйып, қыздырылған пешке су буына қойыңыз. Шамамен 80 минут пісіріңіз. Содан соң толықтай суытыңыз.
Шоколадты чизкейк
Қажетті ингредиенттер:
- 150 г үгілмелі печенье;
- 50 г кілегей майы;
- 100 г қант;
- 120 мл майлы кілегей;
- 150 г ащы шоколад;
- 2 ас қасық какао;
- 200 г кілегей ірімшігі.
Дайындалу жолы: Шоколадты буға ерітіп, суытыңыз. Печеньені ұнтақтап, 1 ас қасық қантпен және ерітілген маймен араластырыңыз. Оны ыдысқа нығыздап салып, тоңазытқышқа қойыңыз. Кілегейді шамалы көбіктенгенше соғыңыз. Оған шоколадты және кішкентай сумен араластырылған какаоны салыңыз. Ірімшікті қантпен соғып, шоколадты қоспамен араластырыңыз. Оны печенье қоспасы бар ыдысқа құйып, 1 сағатқа мұздатқышқа салыңыз. Содан соң 30 минутқа тоңазытқышқа қойыңыз.