Фаст-фуд тағамдарын ұнатпаймын деп айтып көріңізші! Елдің бәрі сізге күмәнмен қарайтын болады. Иә, солай, ХХІ ғасыр тұрғындарының асқазанын жаулап алған фаст-фуд тағамдарынан бас тарту кез келгеннің қолынан келе бермейді. Әңгіме гамбургерге келіп тірелгенде не айта аласыз? Жай гамбургер емес, бірнеше доллар көлеміндегі ең таңдаулылар хақында айтып отырмыз. Бұлардың ең арзанының бағасы 100 долларды құраса, ең қымбаты...
1. McGuire's Grand Burger
Бағасы - 100$. АҚШ-тағы Флорида штатының Пенсакола қаласындағы McGuire’s пабында сатылады. Көріп отырғанымыздай аталған бургер - біздің тізімдегі ең қолжетімдісі болып отыр.
2. "Миллион рупий" гамбургері
Бағасы - 108$. Индонезиядағы Four Seasons қонақ үйінде ғана сатылады. Бұл бургердің құрамында сирек кездесетін саңырауқұлақ пен арнайы дайындалатын корей салаты бар.
3. The DB Royale Double Truffle Burger
Бағасы - 140$. Нью-Йорктегі “Moderne” дәмханасында және оның Лас-Вегастағы филиалында ұсынылады. Маринадталған қара жерқұлақ (трюфель), фуа-гра, сиыр етінен жасалған бургерді мақтаушылардың саны көп.
4. Richard Nouveau Burger
Бағасы -175$. Осыдан бірнеше жылдар бұрын "Уолл-стрит бургерлерінің дүкені" деп аталатын ғимарат Нью-Йоркте бой көтерген болатын. Дүкен борышқорлық кесірінен бүгінде жұмысын тоқтатқан. Шамасы, осыншама қымбат бағадағы тағамды алып жейтін тұрғындар қатары аз болды.
5. The Burger
Бағасы - 200$. Лондондағы Burger King-нен таба аласыз. Осы жылы Burger King желісі фастфуд тарихындағы ең қымбат өнімді сатылымға шығарды. Мақсат - баю емес, бұл - қайырымдылық акциясы болатын. Шектеулі мөлшерде таралған таңғажайып бургердің құрамында сапалы сиыр еті, ақ трюфель, гималайлық алқызыл тұз, ерекше майонез, ақ шарап бар.
6. Serendipity Burger
Бағасы - 295$. Аталған гамбургер Нью-Йорктегі “Serendipity 3″ ғимаратының мәзірінде пайда болды. Жиынтықтың ішінде тіс шұқығышқа қыстырылған өте кішкентай бриллиант бар. Құрамында жапон сиыр еті, 10 түрлі шөп қосылған қаймақ майы, қақталған тынық мұхитының тұзы, чеддер ірімшігі, жұмыртқа, ақ трюфель, арнайы тұздық, уылдырық бар екен.
7. Douche Burger
Бағасы - 666$. Нью-Йорктегі “666 Burger” дөңгелекті күймесінен сатып алуға болады. Кобе сиыр еті, грюер ірімшігі, лобстерлер, жерқұлақтар, уылдырық және барбекю тұздығы және Копи Лувак кофе дәндері қосылған.
8. Kobe Beef and Maine Lobster Burger
Бағасы - 777$. Лас-Вегастағы Paris қонақ үйінің мейрамханасынан табуға болады. Құрамындағы ерекшеліктерге карамельденген пиязды, бри ірімшігін айтуға болады.
9. Absolutely Ridiculous Burger
Бағасы - 1.999$. Мичигандағы Mallie’s спорт-барында сатылады. Салмағы153 келіден асады. Тіпті, бір компанияның қызметкерлерін түгелдей асырай алады.
10. FleurBurger 5000
Бағасы - 5000$. Тағы да сол аты шулы Лас-Вегас ұсынады. Four Seasons қонақ үйіндегі Fleur мейрамханасына бас сұғып көргендер ғана жей алады.
Суреттер:byaki.net
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева