Кей азық-түлікті бірге жесеңіз, олардың пайдасы еселене түседі. Мысалы дәрінің нұсқаулығында оны басқа препаратпен бірге ішсе, әсері ұлғаятынын немесе әлсірейтінін оқыған боларсыз. Дәл осыны азық-түлікке қатысты айтуға болады. Сондықтан тамақтанған кезде азық-түлікті бір-бірімен дұрыс үйлестіргеніңізге көз жеткізіңіз.
Сиыр бауыры + қызыл тәтті бұрыш (темір мен С дәрумені)
С дәрумені темірдің сіңуіне ықпал етеді. Ағзаға темірдің жетіспеуі анемияға, оттек жетіспеуіне, иммунитеттің түсуіне және жалпы жұмыс қабілетінің нашарлауына әкеп соғады.
Сиыр бауыры – темірдің табиғи қайнары. Қызыл тәтті бұрыш – крахмалды емес көкөністердің бірі және С дәруменінің көзі. Бауыр ақуызды өнім болғандықтан ол крахмалды көкөністермен дұрыс қорытылмайды. Сондықтан сиыр бауырына арналған ең жақсы гарнир – қызыл болгар бұрышы.
Қызыл тәтті бұрыш + зәйтүн майы (каротин антиоксиданты мен қанықпаған майлы қышқылдар)
Каротин – көкөністер мен жемістерге сарғыш-қызғылт бояу беретін ағзаға пайдалы зат. Ол суда ерімейді, тек май молекуласы бар кезде ғана белсенді түрге ауысады. Сондықтан онымен бірге артық салмақ қостырмайтын қанықпаған майды қолданған жөн.
Каротинге бай көкөніс түріне қызыл тәтті бұрыш жатады. Ал зәйтүн майы қанықпаған май қышқылының көзі болғандықтан қызыл болгар бұрышымен пайдалырақ болады.
Көк шай + лимон (аскорбин қышқылы мен катехиндер)
Катехиндер – антиоксиданттар қасиетіне ие ферменттер. Аскорбин қышқылының әсерінен катехиндер мөлшері бірнеше есе артатыны дәлелденген.
Көк шайға лимон суын қосып, оның пайдалы ферменттерін жеті есе арттыруға болады. Сондай-ақ лимон қосылған көк шай темекі тартатын адамдарға өте пайдалы, бұл сусын темекі түтінінің зиянын 25%-ке азайтады екен.
Сұлы жармасы + сүт (магний мен кальций)
Кальций сүйек пен тіс денсаулығына қажет. Ол балаларға өсу үшін, ал ересектерге сүйектерді қатайтуға қажет. Магний жүйке және жүрек-қан тамырларына пайдалы. Сонымен қатар ол ағзаға кальцийдің жақсы сіңуіне көмектеседі.
Сүт – кальцийдің, ал сұлы жармасы – магнийдің көзі. Сүт қосылған сұлы жармасын дәмді ету үшін қанттың орнына банан қосуға болады.
Тауық еті + қарақұмық (мырыш пен В6 дәрумені)
Мырыш – зат алмасуда негізгі элементтердің бірі. Егер ағзаға мырыш жетпесе, есте сақтау, зейін қою қабілеттері мен иммунитет нашарлайды және шаш, тырнақ әлсіз бола түседі. В6 дәрумені жүйке жүйесі жұмысында маңызды рөл атқарады. Ол біраз тағамның құрамында бар, бірақ оның жақсы сіңуіне мырыш керек.
В6 дәрумені қандай азық-түлікте бар?
Тауық еті – мырыштың көзі. 100г қарақұмықта В6 дәруменінің тәуліктік нормасының 20%-і бар. Бірақ дәруменнің бұл мөлшерін алу үшін мырыш керек.
Бір-бірімен жақсы үйлесетін тағы бірнеше пайдалы азық-түлік:
- Сәбіз бен грек жаңғағы;
- Інжір мен сүт;
- Зімбір мен бал;
- Қуырылған жұмыртқа мен қызыл болгар бұрышы;
- Балық пен сарымсақ;
- Қатты ірімшік пен ақжелкен;
- Қарақұмық пен қырыққабат.