Кейде десертке не дайындауды білмей басымыз қатады. Сондайда үйде бар тағамдардан бисквит дайындап, қалауыңызша крем жасасаңыз, торт та алдыңызда дайын тұрады. Ол үшін бисквиттің көтеріліп пісуі маңызды. Қажетті азық-түлік: 4 тауық жұмыртқасы; 150 гр қант; 150 гр ұн; қамыр қопсытқышы. Үлкен ыдысқа жұмыртқаны саламыз. Оған қант қосып, ыдысты буда немесе өте баяу жанып тұрған отта ұстаймыз. Осы қоспа біртекті күйге енгенше бұлғағышпен араластырамыз. Содан соң оттан алып, 8-10 минут миксермен араластырамыз. Ол саусақпен ұстағанда ақпай, жабысып тұратындай қоймалжың күйге келуі керек. Соған дейін миксерлеуді тоқтатпаймыз. Електен өткізіліп тұрған ұнды және қамыр қопсытқышын аз-аздан себелеп, қасықпен мұқият араластырамыз. Қамырды майланған пеш ыдысына салып, 200 гр температурада қызып тұрған пешке 20-25 минут пісіреміз. Піскеннен кейін де 5-10 минут пеш ішінде тынып тұрғаны жақсы. Оның піскен-піспегенін шимен емес, қолыңызбен тексересіз. Егер үстінен басқанда ойылмай, губка секілді қайта қалпына келсе, демек бисквит ойдағыдай шыққаны! Іске сәт! Жіппен не пішақпен бірнеше бөлікке бөліп не сол қалпында крем жағып, қалауыңызша сәндеп, дастарқанға ұсыныңыз!