Бешамель тұздығы француз ас үйіндегі басты базалық тұздықтардың бірі. Бешамель тұздығы еуропалық ас үйдің де көптеген тағамдарына қолданылады. Үйде бешамель тұздығын дайындау жолын ұсынамыз. Бешамель тұздығы қарапайым ингредиенттерден тұрады. Ол етке, балыққа, көкөніске, картопқа және түсті орамжапыраққа жақсы келеді. Тұздыққа ерекше дәм және хош иіс беретін дәмдеуіш ретінде қара бұрыш, жебір (тимьян), орегано, гүлшетен (розмарин), майоран, сарымсақ және ақжелкен пайдалануға болады. Қажетті ингредиенттер: - 200 мл сүт (2,5 %); - 100 гр ұн; - 100 гр кілегей майы; - дәмдеуіштер. Дайындалу жолы: 1. Бешамель тұздығын дайындамас бұрын дәке қапқа қалаған дәмдеуіштеріңізді салыңыз. Сол қапты алдын ала салқын сүтке салып қойыңыз. Содан соң оны қыздырыңыз, бірақ қайнатпаңыз. Оны жай отта 3-5 минут ұстасаңыз жарайды. 2. Сол уақытта сотейникке (табаның биік түрі) кілегей майын салып, ол жұмсарған соң оған ұнды салыңыз. Әрдайым араластыра отырып, майлы-ұнды қоспаны алтын түстес болғанша қуырыңыз. 3. Сүттен дәмдеуіштерді алып тастап, сүттің аз мөлшерін ұн қоспасына жіңішке етіп құйыңыз. Қоспа біртекті болғанша үздіксіз араластыра отырып, қалған сүтті де құйып жіберіңіз. 4. Үздіксіз араластыра отырып, тұздық орташа қоюланған кезде оттан алып тастаңыз. 5. Бешамель тұздығын ет, балық немесе көкөністі тағамдармен бірге ыстық күйінде ұсыныңыз. Бешамель тұздығын тоңазытқышта 3 күнге дейін сақтауға болады.