Көктем мен жаз мезгілінде адамға аса көп мөлшерде дәрумендер керек. Көкөніс пен жеміс. Дүкендерден сатып алғанша, базардан барып көптеп алу әрқайсымыздың да әдетімізге айналған. Оның пайдасы да сол, балауса күйінде, таза әрі пайдалы жеміс-жидектің түр-түрі, сапалысын таңдай алуыңызда. Дәл осы себепті де базар саудагерлерінің түрлі қулықтарынан абай болуыңыз керек-ақ.
Қулық №1 «Таныс саудагерлер»
Базарда саудагерлер өте көп. Бірақ жиі баратын сіз қай жерде және қай саудагердің тауары сапалы екенін білесіз. Сіз сол саудагерге имандай сеніп алғансыз. Ол сізді ешқашан алдамайды! Қателік те осында. Арзанға сатып алып, қымбатқа сататындар осы әдіс арқылы қалтаңызды ашықтан-ашық жымқыра бастайды. Ал сіз оған кәміл сенгеніңіздің «арқасында», шеттегі саудагерлердің тауарымен салыстырмай-ақ, бағасын артық сұрамай-ақ ала саласыз.
Қулық №2 «Сапа мен баға»
Көкөніс сататын базарда таңғы және кешкі сауда жүйесі бар. Іскерлік уақыт (сіз жұмысқа барасыз) таңғы сағат жетіден басталады. Сағат 11-ге таяу базар шуы қайтып, өлі уақыт басталады. Бұдан кейін сағат кешкі 17-ден бастап ел жұмыстан қайтқан сәтте қайтадан нарық қызады. Ауылдан немесе шеткі аймақтардан өте арзан бағаға келетін көкөністер сатылым жүйесі өзгерген соң екі метр қашық жерге барып қымбатқа сата бастайды. Қымбатқа ұрындыратын уақыт сағат таңғы 10 мен кешкі 17 болып саналады. Дәл осы уақытта сапалы тауарды арзан бағаға аламын деуіңіз ақылға қонымсыз. Екінші уақыт, яғни сағат 17.00-ден кейінгі сауда тұтынушыға қолайсыз да, ал саудагерлерге таптырмас кезең. Базарда отыратын саудагерлер өнім әкелушілерден сатып алған арзан тауарды екі есе, тіпті 3 есе қымбаттата алады. Себебі базар нарқының заңы бойынша, саудагерлердің барлығы да бірдей баға қойып алады. Құнын төмен сатамын деушілерді базардың әкімшілігі тауарын жауып тастап отырады десек те болады, немесе оны сатып алып, бәрібір де қымбатқа бағалап отырады. Бағасынан бұрын тауардың сапасы нашарлай түседі. Таңертең сатып алынған тауар кейде ертесі күні кешке де сатылып тұрады. Ал тіпті сасып, бұзыла бастаған жемісті пысық саудагерлер арнайы заттармен ысқылап сүртіп, жалтыратып қояды.
Қулық №3 «Алмадан дәм тат, қарындас!»
Бұл қулық барлық базарда бар деп айта аламыз. Сапалы тауардың астында жатқан жартылай бұзылған, шіріген көкөніс тұтынушының көзіне көрсетілмейді, ең дәмдісін, ең әдемісін сізге ауыз тиюге береді. Сатып алғалы жатырсыз. Есіңізде болсын, саудагер тауарды өз қолымен қапшығыңызға салып береді. Ал арасында кеткен шикі, шірік тауар көзіңізден тасада салынады. Егер жемісті өзіңіз салатын болсаңыз, саудагер сізге ренішін айтып, шу шығаруы да мүмкін, ал жақсы жағдайда таңертең сатып алған тауарын баласындай еркелетіп, оған бір де бір күмән жуытпай қорғаштайды.
Қулық №4 «Бұл сізге қымбат»
Бұл енді аса ойластырылған қулық. Бұл қулықты көбіне арзан және қымбат түрлері бар тауар иелері жасайды. Мәселен, ірімшік пен шұжықтың көп түрі бар. Оның нақты қандай түрі жақсы, ал қандай түрі екінші сорттағы тауар екенін тек тауар өндірушілер ғана біледі. Бірінші қателік – сатушыдан «Қандай шұжық (немесе ірімшік) жақсы екенін айтып жібересіз бе?» деп сұрайсыз. Ол сізге нашарларын ұсына бастайды. Дәм татып көруіңіз де мүмкін. Бірақ ол ең жақсысы дегенін сізге ұсынбайды. Неге десеңіз, «ол өте қымбат» дей салады. Сіздің қалтаңыз көтере ме, жоқ па ол білмейді. Бірақ сіз қайсысы қымбат болса сол сапалы деген ойыңызбен дәл сол қымбатын аласыз.
Қулық №5 «Арнайы сіз үшін!»
Жәй ғана сатушы мен майталман сатушының арасы жер мен көктей. Ол сатушыға сіз тек тауар сатып алуға бармайсыз. Жақсы көңіл-күй үшін де баруыңыз мүмкін. Олар сіздің қанша балаңыз бар екенін, қандай сортты жақсы көретініңізді есте сақтайды. Егер тауар нашар болса, ол бірден оны көзіңізше лақтырып тастап, жаңасын алдыртады. Тіпті таразыдан желініп қалғаныңызды үйге барып көрген соң да оған ренжімейтін әдет тауып аласыз. Сондықтан абай болуы керек.
Алданбау үшін не істеу керек?
Базарға таң әлетінде бару керек, сатып алуыңыз керек затты алдын ала қағазға жазып алғаныңыз жөн. Себебі көзіңіз қызығып, керексіз дүние сатып алуыңыз да ғажап емес. Ең бірінші кезекте базарды толық аралап шығуыңыз дұрыс. Екінші айналымда ұнап қалған жерлерден сұрастыра бастау керек. Иіскеп, қысып, салыстырып көруден қорықпаңыз. Тауар туралы сұраудан ұялмаңыз. Сатушының сұлулығы мен шеберлігі сіздің таңдаушыңызға әсер етпеуі тиіс. Тіпті жарнамасы да қауіпті екенін жадыңызда сақтаңыз. Сатушының көзінде өзіңіздің статусыңыздың жоғары немесе төмен болуы маңызды емес. Бұдан шығатыны – сатушының алдында сақтанғыш, қорқақ, кедей, қырсық болып көрінуден қорықпауыңыз керек.
Өз құқыңызды талап етуден қашпаңыз. Бақылау таразыларында сатып алар тауарыңызды қайта өлшеуден қорықпаңыз. Егер сіздің құқыңызды таптап, мәдениетсіздік көрсеткен сатушы болса, базар қызметкерлерінен көмек сұрауыңызға болады. Таразыдан алданып немесе сапасыз тауарды сатып алып қойған болсаңыз, ақшаңызды толығымен қайтарып алуға мүмкіндігіңіз бар. Ал саудагерге айыппұл салынып, тіпті жұмыстан босатылуы да мүмкін.
Есіңізде болсын: тұтынушы әрқашан да жақсы қызмет көрсету мен сапалы тауар алуға құқылы.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: kk.convdocs.org, venividi.ru