Жаз мезгілімен бірге аңсатып күттіретін балмұздақты жақсы көрмейтін адам кемде-кем шығар. Оны жас та, кәрі де алып жеп жүреді. Себебі ол – ең дәмді де арзан тағамдардың бірі. Сонымен бірге сүт, кілегей тәрізді тағамдардан жасалатындықтан құрамында магний, кальций, т.б. пайдалы заттар бар.
Алайда көптеген ата-ана балаларына аптасына 2-3 балмұздақтан артық жеуге рұқсат бермейді. Ол тамақ және жоғары тыныс мүшелеріне, ангинаға зиянын тигізеді дейді. Тіпті дәрігерлердің өзі балмұздақтың пайдасы мен зияны туралы сұраққа сан қилы жауап береді.
Біріншіден, балмұздақ құрамы жөнінен бір-бірінен ерекшеленеді. Бір балмұздақты даярлауда таза кілегей қосылса, енді біріне құрғақ сүт пайдаланылады. Жидекті не жемісті балмұздақтарға табиғи балшырын (сироп) қосса, кейбіріне лимон қышқылы бар хош иістендіргіш араластырады.
Тіпті қарапайым стақандағы балмұздақтардың өзі бір-бірінен ажыратылады. Ең дәмді пломбир балмұздағының калориясы да көп, себебі майлылығы 12-13%-дан 15-20%-ға дейінгілерінің құрамына көп жұмыртқа қосылады. Арықтағысы келетін не салауатты өмір салтын ұстанатындар бұл балмұздаққа жоламай-ақ қойғаны дұрыс. Диета ұстайтындар майлылығы 6-10% болатын классикалық кілегейлі балмұздақ таңдағаны жөн.
Балмұздаққа қатысты ең дұрыс шешімі – ағзаға зиян келтірмеу үшін күн сайын жемеу керек. Құрамындағы сүтте бар пайдалы минералдарды ағзаға сіңіру үшін аптасына 2-3 рет жеудің өзі жеткілікті.