- Негізгі бет
- Аспаздық
- Балмұздақтан дәм татыңыз...
Балмұздақтан дәм татыңыз
Жаздың аптап ыстығында шөліңізді балмұздақпен басыңыз. Балмұздақтардың әр түрлілігі көздің жауын алып, тәбет ашқанмен көбі оның денсаулыққа зиян тұстарын айтып жатады. Ал тәттіқұмар әрі келбеті келісті қыз-келіншектер балмұздақтан дәм татпас бұрын артық салмақ қосып алуым мүмкін деп ойланады. Алайда, диетолог мамандар балмұздақтың пайдасының бар екенін дәлелдеуде. Себебі, алуан түрлі балмұздақтардың әрқайсысының зияны да, пайдасы да бар.
Сүт балмұздақтарында майлар мен көмірсулер көптеп кездескенменен бұл балмұздақтар кальцийге бай. Өз кезегінде кальций шаш пен тырнақ өсіміне, сүйектердің мықты болуына ықпал етеді.
Өсімдік майлары қосылған балмұздақтарда калорий аз. Бұл балмұздақтарға әр түрлі қоюландырғыш ароматизаторлар мен пайдасы жоқ сутектендірілген өсімдік майларын қосады. Есесіне мұндай балмұздақтар арзан тұрады.
Цитрус жемістері мен әр түрлі жидектердің шырынынан жасалатын мұз кескіндерінің құрамында сүт пен хош иістендіргіштер (ароматизаторлар) кездеседі. Жеміс-жидек мұз кескіндерінде майлар болмағанменен көмірсулар өте көп.
Йогурт, сүзбе, ірімшік қосылған балмұздақтар пайдалы болғанымен оның құрамында қант пен жеміс-жидек алмастырушы заттар көптеп кездеседі. Есесіне бұл балмұздақтарда калорийлер көп.
Диетолог мамандар балмұздақтың зияны мен пайдалы тұстарын айтып жатса, ғалымдар балмұздақтың тек пайдасын ғана айтады. Ғалымдардың пайымдауынша, балмұздақтар депрессиядан шығудың бірден-бір жолы. Сондай-ақ, балмұздақтың арқасында адам ағзасында серотонин деп аталатын көңіл күй гормоны пайда болады. Көңіл-күйіңізді көтеріп, жаныңызды сергіткіңіз келсе, балмұздақтан дәм татыңыз. Балмұздақтардың құрамында триптофан болады, ол ұйқысыздықтан арылуға жол береді.
Балаларының денсаулығына алаңдайтын ата-аналардың көбі кішкентайларға балмұздақ жеуге болмайды деген пікірде. Алайда, балмұздақ балаларға да пайдалы. Үш жастан асқан балаларға айына 1-2 рет шоколад қосылмаған сүт балмұздақтарын жеуге болады. Себебі, балмұздақтың құрамында кальций мен ақуыз бар.
Жаздың ыстық күндері басыңыздан күн өтіп, мұрныңыздан жиі қан ағатын болса, аптасына 2-3 рет балмұздақтан дәм татыңыз. Балмұздақ қанның ағуын тоқтатады.
Балмұздақты көпшілік жүріп көше бойымен жаяу келе жатып, жеп жатады. Бұл мәдениетсіздіктің белгісі. Сондай-ақ, балмұздақ өзіне айналадағы шаң-тозаң мен ауадағы зиянды заттарды тез сіңіреді. Балмұздақтан үйде немесе дәмханаларда дәм татқан абзал.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: lady-help.ru, imdiet.net, news.nur.kz
Ғ. Ұзақ