Қазіргі балалардың өмірін кәмпиттерсіз және басқа да тәтті сыйлықтарсыз елестету қиын. Тәттілердің ағзаға аса пайдасы жоқ екенін білеміз. Керісінше, оны мөлшерден тыс жесе, оның зияны тиеді. Сондықтан көп уақытты алмайтын пайдалы тәттілердің рецептісін ұсынамыз. Оны баламен бірге дайындау сізге де, балаға да жағымды сезімдер сыйлайды.
Мармелад
Жаңа сығылған немесе дайын шырынды желатинмен араластырып, отқа қойып, енді қайнайын дегенде оттан алады. Содан соң оны түрлі пішіндегі ыдыстарға құяды. Оның дәмі мен түсі таңдалған жеміске байланысты өзгереді. Дайын шырынның орнына өзіңіз қандай да бір жемісті үккіштен өткізіп, оның езбесін де, шырынын да пайдаланған жөн.
Жидекті балмұздақ
Блендерге мұздатылған жидектер, майлы табиғи йогурт, лимон шырыны, бал және ваниль салып араластырамыз. Оны ыдыстарға құйып, таяқша салып, мұздатқышқа 3 сағатқа қоямыз.
"Рафаэлло" кәмпиті
Сізге сүзбе, қаймақ, кешью жаңғағы, қант ұнтағы, кокос ұнтағы мен ваниль қажет. Сүзбеге кешью жаңғағын, қант және ваниль салып, барлығын қаймақпен жақсылап араластырамыз. Қоспадан шарлар жасап, оны кокос ұнтағына аунатып шығамыз.