Сүтті коктейль балаларға арналған ең зиянды сусын болып саналады. Америкалық зерттеушілердің пікірінше, оның құрамында қант пен майдың шектен тыс мөлшері бар көрінеді. Бұл – балалардың ағзасына өте зиян.
Біз сіздерге балаларға арналған 5 зиянды сусын жайлы айтып береміз:
1. Сүтті коктейль
Америкалық зерттеуші ғалым Эрик Стайсом тіл үйірер сүтті коктейльдің ағзаға зиян екенін анықтады. Құрамындағы шектен тыс қант пен май сіздің денсаулығыңызға кері әсерін тигізеді. Ғалымдар 100-ге тарта орта мектеп оқушыларына шоколад қосылған сүтті коктейль ішкізіп, зерттеп көрді. Нәтижесінде мамандар бұндай сусындар жүйке жүйесіне наркотикалық заттар секілді әсер етеді деген тұжырымға келген. Қант шынында да жүйке жүйесінің жылдам қызмет етуі үшін жігерлендіруші күш болады. Біртіндеп сүтті коктейльдің мөлшері арта түскен сайын семіздіктің қауіпті түріне алып барады.
2. Газдалған сусын
Көптеген балалар, тіпті, ата-аналардың өзі де шөлін газдалған сусынмен қандырғанды дұрыс көреді. Бірақ та балалардың ағзасына зиянды сусындардың бірі – осы. Газдалған сусынның құрамында қанттың шектен тыс мөлшері, және химиялық заттар (бояғыш заттар, консерванттар, т.б.) мол кездеседі. Дәрігерлер ылғи да ересектердің өзін газдалған тәтті сусындардан аулақ болуға шақырып жүреді. Егер бір тәуелді болып алсаңыз тез айығып кету қиынға соғады.
3. Шырын
Шырынның балалар денсаулығына зиянынан гөрі түрлі дәрумендер, пайдалы заттарының мол екенін мойындауға тиіспіз. Бірақ кез келген шырын асқазанға ауыр тиері белгілі. Шырындағы көп қышқыл мен көмірсудың мол мөлшері, минералды тұздың жоғарғы концентрациясы жасқа толмаған баланың ішуіне тіптен зиян екенін айғақтайды.
Шырынның құрамында көмірсулар өте мол. Бұл - асқазан-ішек ауруына жағдай туындатады. Артынша ішек шырышының қабынуына әкеліп соғады. Бала ағзасының мүлде басқа агрессиялық өнімдерді қабылдамас үшін тез арада алдын алу қажет. Ұйқы безінің де зақымдану қаупі жоғары.
4. Кофе
Кофенің балаға қауіптілігі – жүйке жүйесінің қалыпты дамуын бұзады. Сол себепті жас баланың мінез-құлқы тез өзгеріп, эмоцияға берілгіш болып кетеді. Бала көңілді немесе жылауық, ашушаң не керісінше енжар, сылбыр болып өсуі мүмкін. Егер кофеин жиі қолданылып тұрса баланың жаман жаққа өзгеріп кетері анық. Ал, бала тәуелді болып алса, өмірге деген құлшынысы төмендеп, көп энергиясын босқа шығындап алады. Жүрек ауруына да әсер етеді.
5. Шәй
Шәй - бойыңыздағы ағзаға қажетті калий, натрий және кальций секілді дәрумендердің қас жауы. Егер сіз шәйді көп ішсеңіз аталған дәрумендер несеп жолы арқылы сыртқа шығып кетеді. Бұл – үлкендер үшін де, жас балалар үшін де сүйектің зақымдануына әкеліп соғады. Бұл ауру остеопороз деп аталады.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: svadbagolik.ru, voprosum.ru, kz.all.biz, smartnews.ru