Табиғаттың шексіздігі мен сан алуандығы соншалық, қарапайым деген жемістердің өзін әлі күнге дейін толық танымаймыз. Бүгін назарларыңызға ұсынылатын азиялық жемістерді де көпшілік қауым біле бермейді.
1. Мангостин
Сыртқы түрі: Мангостинді өзгелерден ерекшеленетін қара-күлгін түсі мен жасыл қалпағынан ажырата аласыз. Жемістің көлемі мандаринді еске салады, ішіндегі еті ақ түсті, бір қарағанда, кремді десертке, тағы бірде сарымсаққа (чеснок) ұқсайды.
Дәмі: Мангостиннің жеуге жарамды бөлігі хош иісті және қышқыл дәмді келеді. Оны дұрыс таңдау үшін аздап шайқап көру керек, егер, дәннің қабырғаға соғылған дыбысы шықса, оның пісіп үлгергені, ешбір қимыл байқалмаса, жеуге болмайды. Ондай мангостин шырынсыз әрі ащы дәмді болады. Мангостиннің құрамында адам ағзасына қажетті С және Е дәрумені, рибофлавин, тиамин, азот, кальций, магний, мырыш, натрий және калий бар.
Мангостинді жинайтын маусым – сәуір-қыркүйек айларының аралығы, Азияның базарларынан жылдың барлық уақытында тауып аласыз.
2. Рамбутан
Сыртқы түрі: Кейде бұл жемісті "түкті" деп атап жатады. Себебі, оның қабығы толықтай тікенекке ұқсас жұмсақ заттармен жабылған. Оның көлемі де аса үлкен емес, диаметрі бар болғаны 5 сантиметр, қабығы ашық-қызыл, жемісі ақ, жеуге жарамсыз сүйегі бар.
Дәмі: Рамбутанның дәмі тәтті, аздаған қышқыл сезіледі. Жемісін алу үшін пышақты пайдалану керек. Жергілікті тұрғындар одан джем жасап, компот қайнатады. Рамбутан жаңа піскен кезінде тез бұзылады, тоңазытқыштың өзінде 2-3 күннен артық сақтай алмайсыз. Рамбутанның қан қысымын төмендететін, онкологиялық аурулардың алдын алатын қасиеті бар.
3. Драгон-фрут
Сыртқы түрі: Бұл жемісті кейде "аждаһа көзі" немесе ғылыми тілде "питайя", "питахайя" деп те атап жатады. Жеміс кактустар тобына жатады екен. Көлемі алақандай болады, кейде ісікке (шишка) де ұқсап кетеді. Қабығы ашық-алқызыл және ашық-жасыл "тілдері" бар. Бір қарағанда тартымды көрініп, тәбетіңді ашады. Бір аймақтарда сары қабықтысы да кездеседі. Ішіндегі жұмсағы ақ түсті болады, киви секілді ұсақ қара дәндері байқалады.
Дәмі: Драгон-фруттың дәмі өте тәтті, қышқыл сезілмейді. Жақсы піскенін таңдау үшін сыртынан қысып көру керек, қатты мыжылмаса нағыз керек жеміс сол екенін естен шығармаңыз. Жемісті екіге жарып, ішіндегі жемісті қасықпен алып жеуге болады. Калориясы өте төмен әрі тойымды. Мұны таңғы асқа жеп жатады.
4. Саподилла
Сыртқы түрі: Саподилла үлкен өрікті немесе кішкентай бір тегіс картопты еске салады. Оның Отаны Мексика болғандықтан, "чику" деген екінші аты бар.
Дәмі: Қабығы өте жұқа және күңгірт, жұмсағы сары, карамельді дәмі бар. Құрма секілді ауызды қармап тастайды, дәмі де соған ұқсас. Ішінде қара сүйектері бар, оларды жеуге болмайды. Нағыз піскені жұмсақ болуы керек. Шырыны кілегейлі болатындықтан, оған түтік тығып жегеніңіз абзал. Үш тәуліктен артық сақтауға болмайды.
5. Личи
Сыртқы түрі: Қытай өрігі деген атпен танылған личидің қабығы ашық-қызыл, ағашы өте биік келеді. Жұмсағы түссіз келеді, ішінде бір ғана сүйегі бар.
Дәмі: Иісі керемет шығатын жемістің дәмі өте қанық, шырынды. Дәмі кейде жүзімді немесе құлпынайды еске салады. Тропикалық жемістердің ішінде личидің таралатын маусымы өте аз, яғни, мамыр-маусым айларында ғана піседі. Басқа уақытта базардан табу өте қиын. Консервіленген түрін дүкендерден таба аласыз. Қызыл болған сайын жақсы піскен екені белгілі. Жемісі дәруменге бай, ми ауруларының дамуына тосқауыл бола алады. Личи өсетін аймақ тұрғындары мұндай ауруға ұшырамайды екен.
Дайындаған: Анар Мұстафина
Сурет: only-most.ru, vk.com