Аязды, салқын күндері денені жылытатын сусынды ішуге үйреніп те қалдық. Ал сол сусынды дәмді әрі пайдалы ететін рецептілерді білесіз бе?
1. Жанжабіл шайы
Жанжабіл (имбирь) шайының әлдендіріп, сергітетін ерекше қасиеті бар. Оның үстіне, ойлау қабілетіңізге де игі әсерін тигізеді. Әдетте, бұл шайды ақыл мен парасаттылықты талап ететін жұмыс орнында не шығармашылықпен айналысатын адамдардың ішуіне кеңес беріледі.
Оқушы, студенттерге де қыстың аязды мезгілдерінде ғана емес, оқу барысында жанжабіл шайын көбірек ішкен жөн.
Жанжабіл тамыры қанды сұйылтатын қасиетке ие. Сондықтан, шығыс дәрігерлері бұл өсімдікті ісіктің алдын алатын дәрмек деп есептейді.
Сондай-ақ, жанжабіл ас қорытуға көмектесіп, теріміздің түсіне өң береді. Тұмаудың алдын алғыңыз келсе, жанжабіл шайын лимонмен ішуіңізге болады.
Ол үшін:
– 1 литр су;
– 3 ас қасық ұнтақтап үгітілген жанжабіл;
– 3 ас қасық бал;
– бір шөкім ұнтақталған қара бұрыш;
– 1 лимон.
Қайнаған суға үгітілген жанжабілді салып, қайнағанша 1 минут ұстаймыз. Содан соң, кесеге сүзіп аламыз. Бұрыш, лимон, бал қосып, шайды ыстық күйінде ішеміз.
2. Итмұрын шайы
Итмұрын жемісі С дәруменімен нәрленгендіктен, ас қорытуға көмектеседі. Бұл шай ағзадағы артық холестериннің құрамын азайтады. Сондай-ақ иммунитетті нығайтып, аурудың алдын алады.
Бізге:
– 20 грамм итмұрын;
– 15 грамм бал;
– 5 г лимон шырыны;
– 200 мл су қажет.
Құрғақ итмұрынды ұнтақтап, үстінен қайнаған су құю керек. Жылтыр сырлы кастрөлде, қақпағы жабық күйде, 10 минут қайнатып алыңыз. Содан соң, 10 минут бойына тұнуға қалдырыңыз. Қайнатпаны сүзіп алып, бал мен лимон шырынын қосыңыз. Сусыныңыз дайын!
Денсаулығыңыз мықты болсын!
Сурет: vulcanpost.com
Оқи отырыңыз:
1. Дұрыс тамақтанып жүрсіз бе?
2. Күш-қуат беретін пайдалы тағамдар
3. Ішек тазалаудың әдістері
4. Ғұмырым ұзақ болсын десеңіз...