Қыз баласы қанша жерден білім алып, тәуелсіз болсын десек те, бақыты ең алдымен сүйікті жар, аяулы ана атанудан тұрады. Әкесінің ерке қызы әйтеуір бойжетіп, күндердің күнінде өзгенің ақ босағасын аттайтыны анық. Ол жерде үлкендерді сыйлаумен қатар, көптің көңілінен шығатындай ас пісіруі тиіс. Сондықтан, назарларыңызға аспаз бойжеткендерге арналған кеңестерді ұсынамыз.
1. Тамақ жасауға кіріспес бұрын су қайнатып қоюды әдетке айналдырыңыз. Қайнаған су кез келген тамаққа қажет болуы мүмкін. Немесе сіз тамақ жасап бітемін дегенше шайыңыз қайнап үлгереді.
2. Нұсқаулықтарды әркез мұқият оқыңыз. Әсіресе – қиындарын. Іске кіріспес бұрын не істейтініңізді ойша елестетіп алыңыз. Бір нәрсені түсінбей қалсаңыз, ойыңызды қайта жаңғыртыңыз. Ал егер бұл тамақты жасай алатыныңызға сенімсіз болсаңыз, оны басқа тағаммен алмастырған жөн.
3. Қажет азық-түлікті өлшеп алып, үстелдің үстіне тізіп қойыңыз.
4. Тамақ дайындау барысында ары-бері жүгіріп жүрмес үшін ыдыс-аяқтың барлығын дайындап алыңыз.
5. Өзіңіз бұрын-соңды дайындап көрмеген тағамды нұсқаулығына сай дайындауға тырысыңыз. Тұз салуды ұмытпаңыз.
6. Бұл ережені мәңгілік есіңізде сақтаңыз. Азық-түліктің аузын ешуақытта ашық қалдыруға болмайды. Бұл ұн өнімдері мен майға қатысты. Әйтпесе, олардың сапасы төмендеп, дәмі бұзылады.
7. Шай, ас содасы, тұз, қант секілді азық-түліктерді аузы жабылатын әйнек ыдыста сақтауға кеңес береміз.
8. Сорпа мен компоттың қатты қайнап кетуіне жол бермеңіз. Және табадағы майды алдын-ала қыздырмаңыз. Қатты қыздырған жағдайда дәмі кетеді, әрі денсаулығыңызға зияны тиеді.
9. Сорпаңыздың әрдайым дәмді, хош иісті болғанын қаласаңыз, келесі ережені сақтаңыз. Сорпаның бетіне шығатын көпіршікті алыңыз. Қақпақсыз қайнатыңыз. Әсіресе, балық сорпасын. Ал еті көп сорпалы тағамдарды қақпағын жауып қайнатқан жөн.
10. Кез келген азық-түлікті пісірген кезде суын азырақ құйыңыз.
11. Кез келген көкөністі пайдаланбас бұрын оның таза, еш жері шіріп кетпегеніне көз жеткізіңіз. Ал етте бездердің болмауын қадағалау керек.
12. Тамақ жасап болған соң артық азық-түлікті қоқысқа тастамаңыз. Олардан салат немесе өзге тамақ жасауға болады.
13. Тамақ дайындау барысында қол құрғақ болуы тиіс. Қолыңыз суға тиген сайын құрғатып отырыңыз.
14. Тамақ пісіп жатқан кезде ас үйден кетпеңіз.
15. Тоңазытқыштан шыққан азық-түліктерді бөлме температурасына үйретіп алған соң қолданыңыз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: rudaki.ru