- Негізгі бет
- Аспаздық
- Аспаз болам десеңіз......
Аспаз болам десеңіз...
Алда Жаңа Жылдық мейрамдар келе жатыр. Мерекелік тіскебасарлар мен ыстық тағам, Жаңа Жылдық торт әзірлеу сіз үшін ауыр сұрақ болса, алдын ала дайындалғаныңыз жөн.
Мерекелік дастархан әдемі, шын мәнінде дәмді болсын десеңіз, ас даярлау тек қажеттілік емес, қызығушылығыңызға айналуы керек. Ол үшін не істеу керек?
- Массагет.кз сайтының Аспаздық рубрикасының тұрақты оқырманы болып, арасынан мәзірлер таңдап, іске кірісіңіз. Бастысы - оңай мәзірлерді үйреніп алу. Сондықтан алғашында әзірленуі қиын, бірнеше сағат даярланатын тағамдардан бас тартыңыз. Жеңіл мәзірлердің арасынан өзіңізге ұнайтынын таңдап, оны "өзіндік" тағамыңызға айналдырыңыз.
- Бәліш пісіруден бастаңыз. Тәтті бәліштер - аспаз атанудағы бірінші сатыңыз болсын. Бәліштердің дайындалуы көп жағдайда оңай болады, ал дастарханда орны ерекше байқалады. Қонақтарыңыздың өнеріңізге таңқалудан басқа амалы қалмайды, ал өз қолыңызбен пісірген тағам үшін алғыс есту сөзсіз рухтандырады.
- Аспаздық мастер-классқа қатысыңыз. Ғаламтордан бейнебаянға жазылған мастер-класстарды көруге болады, алайда маманмен шын кездесуде алған әсеріңіз бірнеше есе көп болмақ. Бұндай мастер-класстар мейрамханаларда жиі өткізіледі, оларға жазылсаңыз болғаны. Сабақтарға қатысып, сіз аспаздықтан рухани ләзат алуды үйренесіз. Уақыт өте тамақ әзірлеу күнделікті қажеттілік емес, қызық, пайдалы хобби екенін түсінесіз.
- Мейрамханаларға барып тұрыңыз. "Кешкі тағамға не пісіремін?" деген сұрақ күнде ойландыра ма? Қайталанатын, күнделікті мәзірлерден жалықсаңыз, ең жақсы деген мейрамханаға барыңыз. Ол жерде мәзірден қалағаныңызды таңдап, асықпай, рахаттанып тамақтаныңыз. Осылайша жаңа тағам түрлерін даярлауға рухтанып, аспаздыққа басқаша қарайтын боласыз.
- Үйге қонақ шақырыңыз. Бұл ереже уақыты тығыз қыздарға арналған. Бос уақытты ас үйде өткізуге болар еді, бірақ сіздің мүлдем уақытыңыз болмаса ше? Демалыстарға қонаққа достарыңыз не туыстарыңызды шақырыңыз. Арасында беделді, сіз ерекше құрметтейтін адамдар болса, тіпті жақсы. Шақырылған жұртқа тағам даярлауға қалайша уақыт таппайсыз? Ал құрметті қонақтар алдына дәмсіз ас қоймайтын шығарсыз? Ендеше осы жолы ерекше тырысқаныңыз жөн.
Аспаздық өнер тәжірибені, шыдамдылықты талап етеді. Дәмді тағамдар үшін жақындарыңыздан естіген алғыс пен жылы лебіз жаңа мәзірлер үйренуге күш береді.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: depici.ro
С. А