Ұйқыдан тұру — ағза үшін ең маңызды процестердің бірі. Сондықтан таңды дұрыс әдеттерден бастау маңызды. Күннің басында ішкен пайдалы сусындар бар: олар денеге қуат сыйлайды және ағзаға сауықтырушы әсер етеді. Таңғы рационыңызға қосуға болатын пайдалы 5 сусынды ұсынамыз.
Таңертең аш қарынға бөлме температурасындағы бір стақан таза су ішу — еш қарсы көрсетілімі жоқ ең пайдалы әдет. Су ағзаны «қайта іске қосып» қана қоймай, хал-жағдайды жақсартады, асқазан-ішек жолының метаболизмдік процестерін қалыпқа келтіреді, уыттарды шығарады және бас ауыруының алдын алуға көмектеседі.
Алма сіркесі қосылған су
Алма сіркесі қосылған су — ағзадағы pH деңгейін қалыпқа келтіретін сусын. Мұндай сусын асқазан-ішек жолының жұмысын жақсартады. Ол кофе мен тәттіні көп ішіп-жейтін адамдарға өте пайдалы. Бір стақан жылы суға 1 ас қасық алма сіркесін құйып, оны таңғы астан 30 минут бұрын ішу керек.
Лимон қосылған су
Лимон қосылған су көптеген пайдалы қасиеттерге ие: иммунитетті қатайтады, бүйректерде тастар жиналуының алдын алады, ағзадан уыттарды шығарады, асқорытуды жақсартады, майлардың ыдырауына ықпал етеді. Бірақ лимон қосылған су мен алма сіркесі қосылған судың қарсы көрсетілімі бар: оларды гастрит немесе асқазан жарасы бар адамдарға ішуге болмайды.
Зімбір қосылған су
Зімбір сусыны — таңертең жылдам сергігісі келетін адамдар үшін керемет құрал. Зімбір сусыны ісінуді болдырмауға және одан арылуға көмектеседі.
Балдыркөк (сельдерей) шырыны
Балдыркөк өзінің емдік қасиеттерімен танымал. Әсіресе, арықтағысы келетіндер үшін өте пайдалы. Балдыркөкте дәрумендер мен минералдардың түр-түрі бар. Оның шырыны сергітеді, күйзеліспен күресуге көмектеседі, иммунитетті қатайтады және ішектер жұмысын қалыпқа келтіреді. Жаңа сығылған шырынды бірден дайындап болған соң ішу керек. Егер ол сізге ащы болса, оны бөлме температурасындағы сумен араластыруға болады. Бірақ мұндай шырынды үздіксіз ішудің қажеті жоқ. Ол көп мөлшерде зиян келтіруі мүмкін, себебі бүйректерде тастың жиналуына ықпал етеді.
Қияр қосылған су
Қияр қосылған су — ісінуден арылуға көмектесетін және ағзаны уыттардан тазартатын пайдалы сусын. Бұл сусында иммунитетті қатайтатын дәрумендер көп. Оны дайындау оңай: суға үккіштен өткізілген қияр қосып, аздап лимон суын тамызып, араластыру керек.