Ас үй тамақ ішетін жер болғандықтан басқа бөлмелерге қарағанда тез шашылып қалады. Ас үйіңіз үнемі таза болып тұруы үшін кей ережелерді сақтаған жөн.
Тазартқыш құралдарды оңай табылатын жерге қойыңыз
Тазартқыш құралдарды ыңғайлы және оңай алынатын жерге сақтаңыз. Қажетті құралдар көзге көрініп тұрса немесе оңай жерде тұрса, тазалауды кейінге қалдыра бермей, бірден кірісіп кетесіз.
Лас ыдыстарды бірден ыдыс жуатын машинаға салыңыз
Егер үйіңізде ыдыс жуатын машина қолдансаңыз, лас ыдыстарды әр жерге жинай бермей, бірден машинаның ішіне сала беріңіз. Сол кезде ас үй таза болып тұрады, ал машинаны ыдыс жиналған соң бір қосасыз.
Үстелдің үстін әр қолданғаннан кейін сүртіп отырыңыз
Ас үй таза болып тұруы үшін әр тамақ дайындаған сайын, тіпті, тек нан кессеңіз де үстелдің үстін бірден сүртіп алуды әдетке айналдырыңыз.
Қоқысты сыртқа күнде шығарыңыз
Тамақты үйден дайындайтын болсаңыз, қоқыс та көп жиналады. Тамақ қалдығы ұзақ тұрып қалса, одан жағымсыз иіс шығып кетеді және зиянкестерді жинайды. Сондықтан күнде кешке қоқысты сыртқа шығарып тастаған жөн. Қоқыс шығарар алдында тоңазытқышты тексеріңіз. Бұзылып тұрған немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімді байқасаңыз, одан бірден құтылыңыз.
Машинаға жууға болатын кілемше алыңыз
Кілемше ас үйді жайлы етіп көрсетеді. Бірақ ол қиқым жинайды және кейде оған қандай да бір сұйықтықтар төгілуі мүмкін. Сондықтан мұндай кілемшенің шағын әрі кір жуатын машинаға салуға болатын түрін алған дұрыс.
Кәстрөлдер мен табаларға тамақ ішер алдында су құйып қойыңыз
Тамақ пісірген кәстрөлдер мен табалар плитаның үстінде тұрып қалса, кейін тамақ ішіп болған соң оны тазалау біраз уақытты алады. Сондықтан дастарханға отырар алдында мұндай ыдыстарға жылы су құйып қойған жөн.