Ас, тамақ туралы мақал-мәтел, нақыл сөздерге халқымыз кенде болмаған. Тамақ ішіп отырып та мақалдаған қазақ үшін дастархан киелі нәрсе саналған.
Ас – адамның арқауы. Қонақ келсе, ет қызарар, Ет қызармаса бет қызарар. Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің. Беретін кісі келгенде, бес қайнайды қазаным. Барыңды батып іш, Жоғыңды сатып іш. Тойсаң, тоба қыл. Құрғақ қасық ауыз жыртады. Арпа, бидай ас екен, Алтын, күміс тас екен. Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем. Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш болам деп ойламайды. Жақсыға берсең асыңды, жақсы сыйлар басыңды, Жаманға берсең асыңды, итке тастар басыңды. Өзі жарымағаннан сарқыт дәметпе. Піскен асқа жеуші көп, біткен іске сыншы көп. Құлақтай ет жеп, құмандай сорпа іш. Аштық ас талғамайды, Ғашықтық жас талғамайды. Қанағат қарын тойғызар. Қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар. Мешкей деген жақсы ат емес. Атсыз үй болса да, Ассыз үй болмайды. Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті. Кеудеден жан кетпесе, Ауыздан нан кетпейді. Аз ас, көп ниет. Ас иесімен тәтті, тағамымен жақсы. Ас тұрған үйде ауру тұрмайды. Атың барда жер таны – желіп жүріп, Асың барда ел таны – беріп жүріп. Аз асты аяған көп астан құр қалар. Аз қайғыны ас басады, көп қайғыны дос басады. Айға жетпес асыңды ауылдастан аяма. Арықтың жілігі татымас. Ауру астан, Дау қарындастан. Балық жеген тоқ болады, Әл-дәрмені жоқ болады. Ас ішіп ауырғанша, аш болып сау жүр. Асты аяқ әдемі. Аспаздың қарны асқазанына тояды. Ас тасыса қатығы төгілер, Ашу тасыса ақылы төгілер. Асты келін – аналы келін. Аш кезінде берген күлше, Тоқ кезінде берген түйеден артық. Ашыққанға қазан астырма, Тоңғанға отын жақтырма. Аш кісінің ашуы жаман. Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар. Түскі асқа түстік жердегі келеді, Кешкі асқа күндік жердегі келеді. Ашта жеген құйқаны тоқта ұмытпа. Асы бардың ырысы бар, Аты бардың тынысы бар. Асы жоқ алтын аяқтың алтынын ал да, отқа жақ. Бір аштың бір тоқтығы бар. Қазаны басқаның қайғысы басқа. Өле жегенше бөле же. Асы бар аяқты аттама. Алты жыл аш жүрсең де, Ата салтыңды ұмытпа. Ағайынмен ішкен ас тәтті. Абысын тату болса, ас көп. Ағайын тату болса ат көп. Қымызды кім ішпейді, Қызды кім сүймейді?! Туған ай – тураған ет. Жаманнан жарты қасық ас қалар. Қуыс үйден құр шықпа.Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: newskaz.ru