- Негізгі бет
- Аспаздық
- Ас туралы мақал-мәтелдер...
Ас туралы мақал-мәтелдер
Ас, тамақ туралы мақал-мәтел, нақыл сөздерге халқымыз кенде болмаған. Тамақ ішіп отырып та мақалдаған қазақ үшін дастархан киелі нәрсе саналған.
- Ас – адамның арқауы.
- Қонақ келсе, ет қызарар, Ет қызармаса бет қызарар.
- Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің.
- Беретін кісі келгенде, бес қайнайды қазаным.
- Барыңды батып іш, Жоғыңды сатып іш.
- Тойсаң, тоба қыл.
- Құрғақ қасық ауыз жыртады.
- Арпа, бидай ас екен, Алтын, күміс тас екен.
- Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем.
- Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш болам деп ойламайды.
- Жақсыға берсең асыңды, жақсы сыйлар басыңды, Жаманға берсең асыңды, итке тастар басыңды.
- Өзі жарымағаннан сарқыт дәметпе.
- Піскен асқа жеуші көп, біткен іске сыншы көп.
- Құлақтай ет жеп, құмандай сорпа іш.
- Аштық ас талғамайды, Ғашықтық жас талғамайды.
- Қанағат қарын тойғызар. Қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар.
- Мешкей деген жақсы ат емес.
- Атсыз үй болса да, Ассыз үй болмайды.
- Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті.
- Кеудеден жан кетпесе, Ауыздан нан кетпейді.
- Аз ас, көп ниет.
- Ас иесімен тәтті, тағамымен жақсы.
- Ас тұрған үйде ауру тұрмайды.
- Атың барда жер таны – желіп жүріп, Асың барда ел таны – беріп жүріп.
- Аз асты аяған көп астан құр қалар.
- Аз қайғыны ас басады, көп қайғыны дос басады.
- Айға жетпес асыңды ауылдастан аяма.
- Арықтың жілігі татымас.
- Ауру астан, Дау қарындастан.
- Балық жеген тоқ болады, Әл-дәрмені жоқ болады.
- Ас ішіп ауырғанша, аш болып сау жүр.
- Асты аяқ әдемі.
- Аспаздың қарны асқазанына тояды.
- Ас тасыса қатығы төгілер, Ашу тасыса ақылы төгілер.
- Асты келін – аналы келін.
- Аш кезінде берген күлше, Тоқ кезінде берген түйеден артық.
- Ашыққанға қазан астырма, Тоңғанға отын жақтырма.
- Аш кісінің ашуы жаман.
- Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар.
- Түскі асқа түстік жердегі келеді, Кешкі асқа күндік жердегі келеді.
- Ашта жеген құйқаны тоқта ұмытпа.
- Асы бардың ырысы бар, Аты бардың тынысы бар.
- Асы жоқ алтын аяқтың алтынын ал да, отқа жақ.
- Бір аштың бір тоқтығы бар.
- Қазаны басқаның қайғысы басқа.
- Өле жегенше бөле же.
- Асы бар аяқты аттама.
- Алты жыл аш жүрсең де, Ата салтыңды ұмытпа.
- Ағайынмен ішкен ас тәтті.
- Абысын тату болса, ас көп. Ағайын тату болса ат көп.
- Қымызды кім ішпейді, Қызды кім сүймейді?!
- Туған ай – тураған ет.
- Жаманнан жарты қасық ас қалар.
- Қуыс үйден құр шықпа.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: newskaz.ru
Р. Роза