Артық салмақтан арылуға тез көмектесетін әдістердің бірі – күріш диетасы.
Күріш – тойымды, дәмді әрі пайдалы тағамның бірі. Оның құрамында В тобының дәрумендері, аминоқышқылдар, микроэлементтер, жасұнық және басқа да пайдалы заттар бар.
Диета үшін кәдімгі ақ күріш емес, буланбаған қоңыр күрішті пайдаланған жөн. Оның ағзаға пайдасы мол. Классикалық диетаны ұстанатын адам бір стақан күрішті қайнатып, күніне 3 рет жеп тұрады. Оны дайындау барысында тұз қосуға болмайды.
Күріш мәзірімен қоса арасында 200 грамнан артық болмайтындай етіп етті, балықты қайнатып, жеп тұруға болады. Оны газы жоқ су немесе көк шаймен бірге ішіңіз. Мұндай диетаның мерзімі – бір апта. Ал қайталағыңыз келсе, кемінде бір ай күтуіңіз керек. Таңғы асқа күріш ботқасын қайнатып, қантсыз жеу керек. Түскі асқа күрішті тұз қоспай пісіріп, жеңіз.
Екінші күні қайтадан бір стақан күріш қайнатып, жеңіз. Таңертең аш қарынға күріш жеп алып, одан кейін екі-үш сағат ештеңе жемеңіз. Түскі асқа майлы емес, қайнатылған ет немесе балық жеуіңізге болады. Ал кешке ет немесе балық қосылған көкөніс салатын жасап, жүрек жалғап алыңыз. Сонымен қатар әртүрлі сорпа жасап, тамақтануға болады.
Үшінші күні жоғарыда аталған мәзірді қайталауыңыз керек. Балықтың орнына тауықты қайнатып, жеуге болады. Ал төртінші күні көкөністерді қайнатып, күрішке қосып, жеңіз.
Бесінші күні бірнеше рет көкөніс салатын дайындап, жеңіз. Алтыншы күні күрішке етті қайнатып, қосып, тамақтаныңыз. Ал жетінші күні күріштен басқа ештеңе жеуге болмайды. Диета кезінде үнемі газы жоқ суды молынан ішу керек.
Күріш диетасын ұстанатын болсаңыз, дәрумендер жайлы ұмытпаңыз. Мейлінше жиі көкөніс салаттары мен жеміс-жидек жеп тұру керек.