Апельсин отаны – Оңтүстік Қытай. Ол туралы алғашқы деректер 2200 жыл бұрын хатқа түскен Қытай жазбаларында кездеседі. Онда апельсин мен мандариннің 27-ге жуық түрі көрсетілген екен. Жеміс Қытай жерінен Үндістанға, содан кейін Египетке таралады. Ғылым апельсиннің шығу тарихы туралы осылай деп сыр шертеді, ал ел аузындағы аңыз не дейді?
Ежелгі грек аңыздарына сенер болсақ, атақты Гея Гера мен Зевстің үйлену тойларына «алтын алма» бағын сыйға тартқан екен (ғалымдар алтын алманы –апельсин деп санайды). Олардың алғашқы неке түндері дәл осы апельсин бағында үш жүз жылға дейін созылады. Мұнда өмір сүрген Гераның жасы ғасыр өткен сайын жасара түседі. Аталған алтын бақты Гесперидалар мен Ладаон айдаһары күзететін болған. Тағы бір аңыздарда Еленаның сүйіктісі Парис - махаббат құдайы Афродитаға «алтын алманы» ұсына отырып, жер бетіндегі ең сұлу екендігін айтқан деседі.
Еуропаға апельсин ХV ғасырларда ғана жетті. Оны 1429 жылы Үндістаннан жеткізген - саяхатшы Васко да Гама.
Көптеген халықтарда апельсин – ырыс пен ынтымақтың нышаны. Мәселен, қытайлық тұрғындар апельсин ағашы өсіп тұрған үйде бақыт пен береке патшалық құрады деп сенеді. Сондықтан олар өздерінің ең жақын адамдарына апельсин ағаштарын сыйға тартады. «Апельсин» сөзін неміс тілінен аударатын болсақ, «Қытай алмасы» деген мағынаны білдіреді.
Апельсин құрамында А, С,В1, В2, РР дәрумендері, магний, фосфор, натрий, калий, кальций және темір сынды микроэлементтер бар. 150 грамм апельсин құрамында 80 мг аскорбин қышқылы кездеседі.
Апельсин - адам ағзасына, әсіресе жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесіне аса қажет жеміс. Апельсин шырыны ағзадағы зат алмасу процесін жақсартады. Қант диабеті ауруына шалдыққан адамдарға апельсинмен, оның шырынымен айнымас дос болуға кеңес берер едік. Авитаминоз, шаршап-шалдығу кезінде де осы жемістің көмегіне жүгінсеңіз, өкінбейсіз. Жеміс адамның тәбетін ашып, безгекке ұшырағанның ыстығын алады.
Апельсинді қалай таңдаймын?
Апельсин таңдаудың ең тиімді жолы – оны қолмен ұстап көру. Апельсин неғұрлым ауыр болса, соншалықты шырынды әрі дәмді болмақ. Сондай-ақ, орташа жемістер үлкендеріне қарағанда тәттірек болатындығын есіңізден шығарып алмаңыз. Қарашаның соңы мен желтоқсанның басында жиналған апельсиндер ең сапалы әрі ұзақ уақытқа жақсы сақталады.
Суреттер:allfons.ru,home.howstuffworks.com,veinternet.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева