- Негізгі бет
- Аспаздық
- Алмадан не дайындауға...
Алмадан не дайындауға болады?
Алдыңғы мақаламызда ұзақ сақтауға тек бүтін, бүлінбеген алма ғана жарайтынын, ал жерге түскен немесе сәл бүлінген алманы ұзақ уақытқа сақтау үшін өңдеуге тура келетінін айтқан болатынбыз. Бүгін осы алма жемісінің пайдалы қасиеттерін сақтай отырып, одан не жасауға болатынын айтамыз.
Алма тосабы
Алма тосабын дайындау үшін сырты сәл бүлінген алма да жарай береді. Бірақ құрт түскен және жұмсарған жерлерін кесіп алып тастау керек. Сонымен қатар дәнін де алып тастау қажет болады.
Алманы бөліктерге бөліңіз, 1х1 есебімен, яғни тазартылған бір килограмм жеміске 1 кг ұнтақ қант салыңыз. Шырыны пайда болғанға дейін бірнеше сағатқа қойып қойыңыз. Кейін бәсеңдетілген отқа қойып, қайнатыңыз, араластыра отыра 5-7 минут қайнатып пісіріңіз. Тосапты оттан алып, бетін орамалмен жабыңыз да, шамамен 8 сағатқа дейін қойып қойыңыз. Сосын қайта ысытып, қайнатыңыз, суытыңыз.
Классикалық алма тосабы үш рет қайнатылады. Тамшысы жайылмай, шәрбаттағы алма бөлшектері біркелкі таралғанда, ал өзі мөлдір және алтын түстес болғанда тосап дайын деп саналады. Кейін тосапты стерилді банкаларға құйып қоюға болады. Сонымен қатар тосапты қақпағы бұралатын банкаларда да сақтауға болады.
Тосапты жылы бірдеңемен орап қойып біртіндеп суыту ұсынылады. Бұл шәрбатты тоңазытқышта сақтау керек, ал егер оны бөлме температурасында сақтамақ болсаңыз, онда қайнатудың соңғы кезеңінде 1 кг тазартылған жеміске 1 шай қасық есебімен лимон қышқылын қосып жіберіңіз.
Әрине, бұл алма тосабының ең қарапайым дайындалу түрі, ал негізінде көптеген тәсілі бар. Оны қара жемісті шетенмен, асқабақ, жанжабіл, апельсин және тіпті сәбізбен де қайнатады. Бұған қоса алмадан джем немесе повидло жасауға болады.
Алма шырыны
Алма тосабы сияқты, алма шырынын да сәл бүлінген алма жемісінен дайындай аласыз. Ол үшін оны мұқият тазалап, өзегін алып тастау керек. Мөлшерін ыңғайлап алманы бөлшектерге бөліңіз, шырын сыққыштан өткізіп, шырынын дәке арқылы сүзіп алыңыз (жұмсағы мен жомынан құймақ жасауға болады).
Кейін шырынды эмаль кәстрөлге құйып, қалауыңызша немесе 1 литр сұйықтыққа 3-4 ас қасық деген өлшеммен қант қосыңыз. Егер алма тәтті болса, қант қоспауға да болады. Шырынды қайнатып, көбігін алып тастаңыз. Орташа отта 3 минуттай қайнатыңыз да, стерильденген банкаларға құйыңыз. Қақпағын бұрап немесе бұрандап, жылы бірдеңемен орап қойыңыз. Суытып, қараңғы жерге қойыңыз, бөлме температурасында сақтауға болады.
Егер шырынды ұзақ уақытқа сақтау ойыңызда болмаса, онда қайнатудың қажеті жоқ – шырын сыққыштан өткізіп, таза шырынды іше берсеңіз болады. Қалғанын шыны банкада 2-3 күн сақтауға болады – осы уақытта ол пайдалы қасиеттерінен арыла қоймайды.
Кептірілген алма
Алма түсімін сақтаудың тағы бір нұсқасы – кептіру. Оған сонымен қатар кез келген сападағы піскен жемістер жарайды, ең бастысы, барлық құрт жеген тұстарын, жұмсарған және т.б. бұзылған жерлерін алып тастаңыз. Ол үшін алманы жуыңыз, қабығын аршыңыз және арнайы құралман өзегін алып тастаңыз. Оны дөңгелектеп турап, сәл тұздалған су (бір литрге – 1 үлкен қасық тұз) құйып, 10 минутқа қойып қойыңыз. Сонда кептірілген жемістердің түсі тәбет ашарлықтай қанық болады.
Кейін алманы қаңылтыр табаға бір қабат етіп реттеп орналастырып, 70 градусқа қыздырылған пеште 8 сағат кептіріңіз. Әр 1,5-2 сағат сайын бөліктер жабысып немесе күйіп кетпес үшін кішкене сілкіп отырыңыз. Дайын кептірілген алманы табиғи матадан тігілген қапшықта сақтаңыз. Олардан компот қайнатуға, сонымен қатар «шикі» күйінде де жеуге болады.
Алманы, күн астында кептіруге де болады, алайда ол үшін бірнеше күн ашық ауа райы болғаны жөн. Сондықтан духовка пәтер жағдайында ыңғайлы нұсқа болары анық.
Алма – дәрумендер мен микроэлементтердің қайнаркөзі екені рас. Олар жаңа піскен және кептірілген жемістерде жақсы сақталады, ал тосабы пектинге бай. Сол себепті қыста бұл жемістердің кез келген түрін тұтыну арқылы иммунитетті жақсартуға және авитаминоз, суық тию сынды аурулардың алдын алуға болады. Және, бұл, біріншіден, дәмді жеміс, сондықтан егер түсім бітік болса, алманы қыс мезгіліне дайындауға ерінбеңіз.
Оқи отырыңыз:
Алманы қыс мезгіліне сақтау амалдары
Дайындаған: Анар Мұстафина
Сурет: passion.ru
A. Mustafina