Алма жегенді ұнатамыз, алмадан жасалған тәтті бәліштер мен дәмді шырындарды пайдалануды да жақсы білеміз, бірақ оның тарихы мен зиянды, пайдалы тұстарын білуге құштарлық таныта бермейміз. Өзіңіздің сүйікті жемісіңіз туралы мәліметтерді біле жүріңіз.
Ең алғашқы алмалардың пайда болған ауылы бізден алыс емес. Алманың отаны – Орталық Азия. Кейіннен алмалар осы мекеннен Египетке және Палестинаға жеткізіледі. Біршама уақыт өткен соң Ежелгі Грекия жерінде, Римде, Еуропада пайда бола бастайды.
Алғашқы пайда болған алмалар жабайы болса, бүгінде алманың жазғы, қысқы, күзгі сорттары сынды көптеген түрлері бар.
Алма пайдалы ма, зиян ба?
Тым қарапайым сұрақ. Сіздердің бірауыздан алманың пайдалы екендігін айтатындықтарыңызға сенімдіміз. Алайда, диетолог мамандар алманың зиянды тұстарының бар екендігін естен шығармауға кеңес береді.
Алманың құрамында С, В1, В2, Р, Е дәрумендері мен марганец, калий, кальций, фосфор, натрий, молибден, цинк, барий микроэлементтері бар. Алмадағы темір қан айналымы жүйесіне өте қажет. Сондай-ақ онда жасұнықтың өте көп бөлігі бар. Алма бауыр, бүйрек, асқазан, ішек жолдарының жұмыстарын жақсартады. Бет терісінің түсін жақсартып жас әрі күтімді етіп көрсетеді. Холестерин мөлшерін азайтып, іш қатудың алдын алады, диареяны емдеп, иммундық жүйені нығайтады.
Алдыңыздағы тізімді көріп, ешқандай жаман қырын байқамағаныңызды айтарсыз. Асықпаңыз, диетологтар алманың құрамындағы жасұнықтың көп болуы колит (тоқішектің талаурап, қабынып ауруы) ауруының пайда болуына әкеліп соқтыруы және асқазан-ішек жолдарының жұмысына зиянын тигізуі әбден мүмкін екендігін айтады. Екіншіден, құрамындағы жеміс қышқылының шамадан тыс көптігі язваны ұлғайтып жіберу қаупі бар. Үшіншіден, алманың қышқылы тістің эмалына қатты әсер етеді, яғни оны жұқартып, тісті сезімтал етіп шығарады. Алма жапырағынан демделген шайды көп ішпегеніңіз абзал, мұның қант диабеті ауруына шалдықтыратындығы дәлелденген.
Алманың құнарлылығы
Алма құрамындағы құнарлылық оның сортына байланысты. Көп адамдар көк алманың құнары аз, ал қызыл алмада көп деп айтып жатады. Бұл жансақ пікір. Алма түсінің еш қатысы жоқ. Кейде, оның құнарлылығы көлеміне де байланысты болып келеді. Ең дұрысы - жаңа піскен алма. Тап қазір күздік алмалардың нағыз пісіп жетіліп жатқан кезі. Сондықтан, көлікке отырыңыз да, ата-әжеңіздің бақшасына барыңыз! «Алма піс, аузыма түс» деп айтсаңыз, ағзаңыздың сізге айтар алғысында шек болмасына кепілдік береміз.
Алманы қалай таңдаймын?
Өкінішке орай, көпшілігіміздің бақшамызда алма ағаштары өсіп тұрған жоқ. Сондықтан сатып алуымызға тура келеді. Алманы таңдауда ең алдымен тазалығына көңіл бөліңіз, ешқандай сұйықтықпен бүркеулі болмауы керек. Екінші, алманың хош иісі болсын, олай болмағанда алманың дәмі де жақсы болмайды. Сондай-ақ, алманың өсірілген жеріне назар аударыңыз. Өз ауданыңызда өсірілген, жергілікті алмаларды сатып алсаңыз өкінбейсіз.
Суреттер: publicdomainpictures.net,fatburningfurnace.comғhqoboi.com,fitness4beauty.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева