Әлемдегі ең дәмді жеміс

Әлемдегі ең дәмді жеміс

"Әлемдегі ең дәмді жеміс" атауын мангостиннің (кейде мангостан немесе гарциния деп аталады) иемденуі қай жағынан болсын әділетті дер едік. Жемістің көлемі мандаринды еске салады, қабығы күлгін, ішіндегі еті ақ түсті, бір қарағанда, кремді десертке ұқсайды.

Мангостин ағашының ұзындығы – 25 метр. Діңінің қыртысы қара-қоңыр. Ағаш жыл бойы жасыл көйлегін тастамайды. Жемісінің диаметрі – 3,4-7,5 сантиметр. Өсімдік жемісті өте кеш береді, жемістер ағаш отырғызылғаннан кейін 9-20 жыл аралығында пайда бола бастайды.

Мангостиннің Отаны – Оңтүстік-Шығыс Азия. Жемісті өсіру мәдениеті Таиландта, Мьянмде, Вьетнамда, Камбоджада, Малайзияда, Үндістанда, Шри-Ланкада, Филиппинде, Антиль аралдарында, Орталық Америкада, Колумбияда, тропикалық Африкада жақсы дамыған.

Мангостиннің ерекшеліктері: ол ешқашан жабайы күйінде өспейді және жыныссыз келеді. Оның гүлдері бір мезгілде аталық та, аналық та бола алады. Мұндай сирек құбылыс ғылымда "партеногенез" деп аталады. Гүлдерінде шірне түзілмейтіндіктен, гүлдену кезеңінде ешбір шыбын-шіркей жоламайды екен.

Мангостиннің құрамында адам ағзасына қажетті ең маңызды элементтер кездеседі: С және Е дәрумені, рибофлавин, тиамин, азот, кальций, магний, мырыш, натрий және калий. Жеміс фармакология саласында жиі қолданылады.

Мангостиннің пайдасы

Мангостин жемісі өте қуатты табиғи құрал, ол ағзадағы артық радикалдар мен қышқылдарды бейтараптандырады, денені жасушалық деңгейде тазартады, иммунитетті нығайтып, ағзаны жандандырады.

Мангостиннің табиғи шырыны шаршағанда, қабынуларға, жараға, жүйке жүйесіне, ісіктерге, иммунитет төмендегенде, вирусты және бактериалды инфекцияларда, жүрек-қан тамырлары жүйесіне, аллергиялық ауруларға, терінің созылмалы ауруларына, ас қорытуға, ағзаны тазартуға өте пайдалы. Шырынды балаларды қосқанда барлық жастағы адамдар диеталық тағам ретінде қолдана алады.

Ғылым дәлелдеген мангостиннің тағы бір пайдасы – ішкі ағзадағы микробтарды, саңырауқұлақтарды, паразиттерді тазарта алады.

Өкінішке орай, осындай дәрілік қасиеті басым өсімдікті тек тропикалық елдердің базарларынан ғана таба аламыз. Жеміс тек қана ағашта жетіліп-пісе алады. Мангостин тоңазытқышта бір-екі аптаға дейін жарамды болып тұра береді. Алайда оны мұзға қатыруға болмайды.

Сондықтан да, жемісті жаңа піскен күйінде жеп жатады. Айтпақшы, одан тамаша шәрбат алуға, джем жасауға және консервілеуге болады.

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева