Ақуызға бай 5 түрлі ингредиент

Ақуызға бай 5 түрлі ингредиент
Фото: plantbreedingsymposium.com

Диетологтар таңғы асқа жоғары талшықты көкөністер мен жемістерге қосып кем дегенде 20 грамм ақуыз тұтыну керек деп кеңес береді. Егер сіз күнде омлет жегеннен жалыққан болсаңыз, біз ақуызға бай 17 түрлі таңғы ас рецептісін ұсынамыз. 

СҮЗБЕ

Сүзбе парфесі

1стақан майсыз сүзбеге 2 ас қасық үгітілген бадам мен пістені қосып араластырыңыз. Мұндай жаңғақ түрлері нәрлі майға бай. Таңғы асты өзіңізге ұнайтын жемістермен әрлеп, даршынмен дәмдеңіз.

Жерорта теңізі таңғы асы

Туралған қияр мен қызанақты 1 стақан майсыз сүзбемен бірге араластырыңыз. Кептірілген жебіршөп, жұпаргүл немесе розмарин қосып дәмдесеңіз болады.

Күздік таңғы ас

Табаға 1/2 кесе ұсақ туралған асқабақты салып, бір ас қасық зәйтүн майын құйыңыз да, үстіне даршын себіңіз. 200 градуста 25-30 минут бойы пісіріңіз. Дастарханға сүзбемен бірге ұсыныңыз болады.

Сүзбе құймақтары

Ыдысқа 1/2 кесе ұн, 1/4 шай қасық қопсытқыш, 1шай қасық сода, 1/2 кесе сүзбе, 1/4 кесе сүт, 2 жұмыртқаның ағы, 1ас қасық қант және шымшым тұз қосып араластырасыз да, табаға май құймай-ақ пісіресіз.

АЙРАН

Жемісті смузи

Блендерде 1 кесе айран, 2 ас қасық жержаңғақ немесе бадам майын, 1/2 кесе балғын жемістер мен бірнеше мұз түйіршіктерін қосып араластырыңыз.

Жарманың жаңартылған түрі

Дәнді дақылдар жармасына 1 стақан айран қосып, үстін 1/2 кесе сүйікті жемісіңізбен әрлеңіз.

Айраннан әзірленген маффин

Кәдімгі кекстің қамырына 1 кесе майсыз айранды қосып пісіріңіз. Осылайша маффиніңіз ақуызға байиды әрі құрғақ боп қалмайды.

ГРЕК ЙОГУРТЫ

Банкадағы парфе

Банкаға алдымен грек йогуртын құйыңыз, оның үстіне балғын жемістерді немесе мұздатылған алмұрт бөліктерін салыңыз. Үстінен 1/2 стақан граноламен жабыңыз. Граноланың 100 граммында 10 грамм ғана қант болатын сұрыпты таңдап алғаныңыз жөн.

Шоколадтыжаңғақты мусс

500 грамм грек йогуртына 2 ас қасық шоколадты-жаңғақты пастаны, 1 қасық таңқурай тосабын қосып араластырып пісіріңіз. Суыған соң таңқурайдың өзімен бірге дастарханға қойыңыз. 

Йогуртты балмұздақ

1 стақан грек йогурты, 1/4 кесе сүт, 2 ас қасық балды араластырып, балмұздаққа арналған ыдысқа құйып қатырыңыз. Қалауыңызша өзіңізге ұнайтын жемістерді немесе төмен калориялы гранола мен кофені де қоссаңыз болады.

ДӘНДІ ДАҚЫЛДАР

Көкжидек қосылған сұлы ботқасы

1/2 кесе сұлы жармасын, 3/4 кесе айран немесе йогуртты, 2 ас қасық ұсақталған бадам жаңғақтарын және 3/4 кесе мұздатылған көкжидекті қосып араластырыңыз. Осы массаны түні бойы тоңазытқышта қалдырып, таңертең тойымды болатын ақуызды таңғы ас ішіңіз.

Дәндідақылды наннан жасалған тост

Ақуызы жоғары болатын нанды таңдаңыз. Жержаңғақ немесе бадам майын жағып, бетіне жеміс тілімдері мен чиа дәнегін қосамыз. Тағы бір нұсқа ретінде сүзбе, даршын, пістемен әрлеуді ұсынамыз.

Ақуызы мол ботқа

Сұлы жармасын жержаңғақ немесе бадам майымен араластырып, қосымша ақуыз ретінде соя сүтін, грек йогуртын немесе айран қосуға болады. 

РИКОТТА ІРІМШІГІ

Жеміс қосылған ірімшікті тәтті десерт

1 стақан рикоттаны туралған жемістермен араластырыңыз. Әсіресе шабдалы, алмұрт немесе қара өрік қоссаңыз дәмдірек болады. Бетіне даршын мен ұсақталған пісте себіңіз.

Қыста жеуге болатын көкөністі таңғы ас

Табаға өзіңіздің сүйікті қысқы көкөністеріңіздің 6 стақанын салыңыз (сәбіз, тәтті картоп немесе ботташықты пайдаланып көрсеңіз болады). Зәйтүн майымен араластырып, тұз мен жебіршөп қосыңыз. 200 градустық температурада 35-40 минут пісіріңіз. Піскен көкөністі рикоттамен араластырып, үстіне 2 ас қасық пісте себіңіз.

Ірімшік қосылған сұлы маффині

3 кесе сұлы жармасын, 1шай қасық даршынды, 1/2 шай қасық мускат жаңғағын, 1/4 шай қасық тұз, шымшым қопсытқыш және 2 кесе майсыз сүтті араластырыңыз. Қоспаға 1/2 кесе рикотта, 2 ас қасық үйеңкі шәрбаты және 2 кесе кез-келген жеміс-жидекті қоссаңыз болады. Массаны кекске арналған формаға салып, 200 градустық температурада 30минут пісіріңіз.

Тропикалық десерт

Рикоттаны бір ас қасық балмен араластырыңыз, үстіне туралған папайя мен зығыр дәнегін қосыңыз.

qadam.asia

А. Рысдәулет